Сенбі, Желтоқсан 14, 2024
10.7 C
Мырзакент
ҮйБасты жаңалықМырзашөлдіктерді мазалаған үш мәселе

Мырзашөлдіктерді мазалаған үш мәселе

Түркістан облысы халқының 80-85 пайызы ауылды жерлерде тұратынын ескерсек, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтудың маңызы зор екені түсінікті. Ол үшін әр өңірдің әлеуметтік, экономикалық ерекшеліктеріне қарай өндіріс орындарын ашу керек.

Жасыратыны жоқ, мақта кластерін дамыту мәселесі қанша жылдан бері айтылып келе жатса да әлі оң шешімін жабар емес. Шетелден инвестиция тартып, мақтаны тек шикізат күйінде сатпай, терең өңдеу жағы қолға алынса, көптеген өндіріс орындары ашылып, жергілікті халық тұрақты жұмыспен қамтылар еді. Осы ретте іріленген Мақтараал ауданын бүгінгідей екіге емес, бұрынғыдай үшке бөлген жөн еді. Яғни, 1997 жылы таратылған Мырзашөл өңіріндегі Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарын тарихи қалпына келтірудің орындалмауы, яғни Асықата ауданының ашылмай қалуы Мырзашөл өңірі халқының орынды ренішін туғызуда.

ҚР Президентінің тапсырмасымен Мырзашөл өңірі жұртшылығының талап-тілектері бойынша қажетті құжаттар дайындалып, «Электрондық үкімет» веб-порталында 2018 жылғы 23 ақпанда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Оңтүстіктегі Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бес ауданға бөліп, бұрынғы Мақтаарал, Жетісай, Асықата, Сарыағаш және Келес аудандарын қалпына келтіру туралы арнайы Жарлығының, ал, 2018 жылғы 28 ақпан күні «Электрондық үкімет» веб-порталында ҚР Үкіметінің «Оңтүстік Қазақстан облысы Асықата, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының шекараларын белгілеу туралы» Қаулысының жобалары жарияланған болатын.

Жоғарыда аталған маңызды ресми құжаттардың жобаларында және ғалымдардың ғылыми- сараптамалық ұсыныстарында Мырзашөл өңіріндегі 1997 жылы бір ауданға біріктірілген үш ауданды – Мақтаарал, Жетісай және Асық-ата аудандарын бұрынғы тарихи қалпына келтіре отырып, үш аудан етіп қайта құру – қазіргі уақыт талабы екені, өйткені қажетті ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізу, қадағалау, бақылау, халыққа қызмет көрсету тиімділігі артатыны ерекше атап көрсетілген еді. 

Ғылыми сарапшылардың тұжырымдарына сүйенсек, саяси тұрғыдан алғанда, қазіргі таңда бұрынғы Асықата ауданының ашылмай қалуы салдарынан Мырзашөл өңірінің кейбір елді мекендерінде, әсіресе, шалғайда орналасқан аймақтарда экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешудегі оң өзгерістер өте баяу жүргізіліп жатыр.

Халық санының көптігіне байланысты елді мекендерді жедел басқаруда да көптеген қиындықтар туындап отыр. Бұл жағдай, әсіресе, шалғайдағы ауылдардағы әлеуметтік инфрақұрылымдардың жедел дамуына кері әсерін тигізуде. Қазіргі талапқа сай күнделікті атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп, бақылап отыру мен қордаланып қалған күрделі мәселелерді дер кезінде, жедел шешуде қолбайлау болатын жағдайлар көбейіп, қиындықтар туғызуда.

Мырзашөл өңірінде тұрып жатқан жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына және аймақтың экономикалық дамуына болжамдық сараптама жасаған ғалымдар мен білікті сарапшы-мамандардың 1997 жылы бір ауданға біріктірілген бұрынғы Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарының үшеуін де қалпына келтіру қажеттігі туралы жоғарыда баяндалған ұсыныстары мен қорытындыларына қарамастан, 20 жылдан астам уақыт бойы сол кездегі экономикалық қиындықтардың салдарынан уақытша бір ауданға біріктірілген Мақтаарал және Жетісай аудандары 2018 жылғы 5 маусымда қайта ашылды да, Асықата ауданы сол кездегі кейбір жауапты басшылардың шалағай тірліктерінің кесірінен ашылмай қалды. 

Асықата ауданының қайта ашылуы Мырзашөл өңіріндегі елді мекендердегі халықтың өзекті әлеуметтік мәселелерін және инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету міндеттерін жедел әрі сапалы шешуге септігін тигізер еді.

Егер Асықата ауданы қайта құрылатын болса, онда Асықата ауданының құрамына 100 мыңнан астам тұрғынды қамтитын 1 кент (аудан орталығы Асықата кенті), 7 ауылдық округ, 83 елді мекен енгізіліп, ал Жетісай ауданының құрамына 105 мыңнан астам тұрғынды, 1 қала (қазіргі аудан орталығы Жетісай қаласы), 6 ауылдық округ, 42 елді мекенді өз алдына бөлек аймақ ретінде басқару жеңілдейтін еді. Сонда Асықата ауданының аумағы 64 435 гектарды, ал, Жетісай ауданының  аумағы 55 992 гектарды құрайтын еді.

Еліміздің халықаралық дәрежедегі мәртебесі жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, Өзбекстан Республикасымен шекаралас аудандарда үш ауданның – Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарының болуы еліміздің экономикасының өндірістік және бейөндірістік салаларының алға қарай қарыштап дамуына жаңа серпін берер еді. Соның нәтижесінде Мырзашөл өңірінің халқы арасындағы жұмыссыздық деңгейін анағұрлым төмендетуге қол жетер еді.

Сондықтан да 1940 жылы құрылып, 1997 жылы жабылып қалған Мырзашөл өңіріндегі Асықата ауданы қайта ашылса деген ұсыныс бар. 

Мырзашөл халқы үшін өте маңызды тағы бір мәселе бар, 2006 жылы көрші өзбек елімен шекараны қайта белгілеу кезінде жалға алу мерзімінің бітуіне қарамастан алғашқы мемлекетаралық келісімді бұзып, кезінде Қазақстан Республикасына қарасты болған Амангелді, Арнасай кеңшарлары жайылым жерлерімен қоса көрші мемлекетте қалып қойды. Соның салдарынан Шардара СЭС-нен Мырзашөлге келетін жоғары кернеулі электр бағаналары, мырзашөлдіктер Шардара арқылы Арыс – Түркістанға қатынайтын күре жол өзбек мемлекетінің аумағында қалып отыр. Бұл жағдай 400 мыңға жуық мырзашөлдік тұрғындардың құмдағы мал жайылымдарына малдарын айдап өтуге қиындық туғызуда. Соның салдарынан бүгінгі күні мырзашөлдіктер мал жайылымынсыз қалды. Екі мемлекет арасындағы шекараның осындай шетін мәселелерін қайта қарап, мемлекетаралық келісіммен бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймыз. 

Үшінші мәселеге тоқталар болсақ, Мырзашөл өңіріне ата-бабамыз өткен ғасырдың қырқыншы жылдары қоныс аударып, шөл даланы мақталық алқапқа айналдырған болатын. Өкінішке қарай, мақта шаруашылығына дұрыс көзқарастын болмауынан еліміз бойынша тек осы өңірде ғана өсірілетін мақта шаруашылығы жыл өткен сайын құлдырап барады. Мақта егетін шаруалар мақта зауыттарына тәуелді болып, банкроттық жағдайда өмір сүруде. Мақта шаруашылығына деген немқұрайдылық көзқарас салдарынан ауыспалы егіс тәсілі сақталмай, суармалы жерлердің құнары төмендеп барады. 

Өз кезегінде Өзбекстан елі сыртқа мақтаны шикізат күйінде сатуды тоқтатып, әр бір ауданында шағын жіп иіру, тоқыма фабрикаларын салып, мақтаны өздері өңдеуге көшкен. Бүгінгі таңда Орта Азия елдерінің базарларында тек Өзбекстанның жеңіл өнеркәсібінің тауарлары қаптап тұр. Егер біздің айтып отырған ұсыныстарымыз оңтайлы шешілсе, өз елімізді ғана емес, көрші мемлекеттерді де мақта өнімдерімен қамтамасыз етуге толық қауқарымыз жеткен болар еді. 

Шералы ҚАНЫБЕКОВ,

ҚР еңбек сіңірген энергетигі.

«Құрмет» орденінің иегері.   

«Оңтүстік Қазақстан».

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ