Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде орталық саябақтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Күні кеше аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков нысан аумағына барып, құрылыс барысымен арнайы танысты. Ол нысанның ішін аралап көріп, мердігер мекемеге жұмысты қыркүйек айына дейін сапалы аяқтау керектігін тапсырды.
Жалпы құрылыстың тапсырыс берушісі – ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Ал, жобалаушы мекеме – “Сантех-Строй Проект” ЖШС болса, техникалық қадағалаушы мекеме – “Нұр&М Құрылыс” ЖШС, мердігер компания – “ГрадСтройСервис” ЖШС-і.
“Әрине, бұл құрылысты жерлестеріміз көптен бері асыға күткен анық. Өйткені, отбасы мүшелерімен серуендейтін, балаларымызды қыдыртатын орындар ауданымызда сирек. Бұл бастама жергілікті халықтың демалуына, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған маңызды нысан болмақ” – деді, Бижан Шералыұлы.
Саябақтың жобасына сәйкес, мұнда балаларға арналған ойын алаңшалары, атракциондар, концерт т.б. мәдени іс-шараларды өткізетін ашық аспан асты алаң, субұрқақтар, жасанды көлшіктер және автотұрақ болады. Ағаштар отырғызылып, орындықтар қойылып, балалар алаңдары жасалды. Мұның бәрі мырзакенттіктер үшін ғана емес, жалпы мақтааралдықтар үшін үлкен қуаныш болары сөзсіз.
Айта кетейік, Мырзакент кенті аудан орталығы болған 7 жыл ішінде инфрақұрылымы толық жаңарып, адам танымастай өзгерді. Көптеген әлеуметтік және мәдени нысандар жөндеуден өтіп, жаңа мөлтек аудан салынды.










