Бүгін Мақтаарал ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, тазалық сақтау мақсатындағы кең көлемдегі жұмыстар атқарылды. Іс-шараға аудан тұрғындары, жергілікті әкімдік өкілдері, коммуналдық мекемелердің қызметкерлері және еріктілер белсенді түрде қатысты. Барлығы 1429 адам бірігіп, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосты.
Сенбілік барысында 13 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 17,5 тонна күл-қоқыс шығарылды. Бұл — аудан тұрғындарының тазалыққа деген жауапкершілігінің жоғары деңгейін көрсететін айқын мысал. Сонымен қатар, 39 шақырым ұзындықтағы автомобиль жолдарының бойы тазартылып, айналаны көркейтуге бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Тазалықты сақтау бағытында ұйымдастырылған бұл шараның тағы бір тиімді тұсы — тұрғындар тарапынан келіп түскен өтініштердің жүйелі түрде өңделіп, назардан тыс қалмауы болды. Аудан әкімдігі тарапынан іске қосылған телеграм бот арқылы жыл басынан бері 270 өтініш қабылданып, олардың барлығы да уақытында қаралып, тиісті шаралар қолданылды.
Тұрғындардың тазалық сақтау талаптарын орындауына бақылау жасау мақсатында кенттер мен ауылдық округтердің жауапты қызметкерлері «505» бап бойынша 42 тұрғынға ескерту берсе, бір тұрғынға әкімшілік айыппұл салды.
Мұндай ауқымды сенбіліктер аудан халқының бірлікпен жұмыс істеу қабілетін, қоршаған ортаға деген жанашырлығын және санитарлық-экологиялық тәртіпті сақтау мәдениетін арттыруда үлкен рөл атқарады. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасын таппақ. Аудан әкімдігі осындай игі бастамаларға барлық тұрғындарды белсенді қатысуға шақырады.










