Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков Атакент кентінде бой көтеріп жатқан 1500 орындық “Жайлы мектептің” құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Бұл мектеп — елімізде жүзеге асырылып жатқан “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында салынып жатқан маңызды әлеуметтік нысандардың бірі.
Қазіргі таңда білім ордасының құрылысында соңғы кезеңдік жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, нысанның сыртқы абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Аулаға тас жабындылар төселіп, заманауи шағын стадион мен балаларға арналған ойын алаңшалары салынуда. Мектепке қажетті жиһаздар мен оқыту құрал-жабдықтарын жеткізу жұмыстары қатар атқарылуда.
Аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков құрылыс барысын өз көзімен көріп, сапасын жіті қадағалады. Ол мектеп ғимаратының ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарын мұқият қарап шығып, кейбір кемшіліктер бойынша мердігер басшыларына ескертулер жасады.
Жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілетін мектеп оқушылар мен ұстаздар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып, білім сапасын арттыруға сеп болмақ. Сондай-ақ, бұл нысан аудан көлеміндегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге де ықпал етеді.
Айта кетейік, Б.Анарбеков өз тарапынан құрылыс сапасына және белгіленген мерзімдердің орындалуына тұрақты түрде бақылау жүргізу жалғасатынынын атап өтті.









