Пятница, 14 марта, 2025
11.2 C
Мырзакент
ҮйАЙМАҚЭкологиялық марафон Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінде жалғасты

Экологиялық марафон Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінде жалғасты

Қоршаған орта — бізді өмір сүріп жатқан әлемнің негізгі бөлігін құрайды. Оның тазалығы біздің денсаулығымыз бен болашағымызға тікелей әсер етеді. Экологиялық мәселелердің шешілуі тек мемлекеттің мүддесі ғана емес, азаматтарымыздың, бүкіл қоғамның бірлескен күш-жігерін талап етеді. Әр адам өзінің күнделікті іс-әрекеттері арқылы қоршаған ортаға әсер етеді. Егер біз табиғатқа қамқорлық жасасақ, оның тазалығын сақтасақ, онда келер ұрпаққа таза және сау өмір сүру ортасын қалдыратын боламыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында Мақтаарал ауданында өтіп жатқан экологиялық марафон бүгін Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінде жалғасын тапты.

Тазалық іс-шарасына ауыл әкімі міндетін атқарушы Бүркітбай Жиенбаев, осы округтен сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Сәбит Молдабеков, ауыл билері, ардагерлер, еріктілер және округтің тұрғындары қатысты.

«Экологиялық тазалық — бұл жеке адамның, қоғамның және бүкіл планетамыздың денсаулығын сақтау үшін қажетті шарт. Егер біз табиғаттың, туған жеріміздің, қоршаған ортамыздың таза болуына мән бермесек, оның барлық зиянды әсерлері бізге қайтып оралады. Ластанған су, ауаның сапасының нашарлауы, топырақтың бұзылуы — бұлардың бәрі адамдардың денсаулығына зиян келтіреді. Сондықтан, әркім өз айналасын таза ұстап, табиғатты қорғауға өз үлесін қосуы керек. Болашаққа таза жер, таза ауа, таза табиғат қалдырайық!» — деді, Б.Жиенбаев.

Марафон барысында 2 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылып, бұл қоқыстар аудан аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигонға төгілді. Жолдар мен аяқжолдардың бойы ретке келтіріліп, арық-атыздар мен ирригациялық жүйелер тазаланды. Сонымен қатар, шараға 2 техника бірлігі мен 65 адам қатысты.

Іс-шара барысында ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Бүркітбай Жиенбаев мемлекет басшысының бастамасын толық қолдайтынын айтып, бүкіл қазақстандықтарды отанымызды таза ұстауға, туған жерімізді қадірлеп-қастерлеуге шақырды. Сондай-ақ, ол тазалық бойынша челленджді Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінен Еңбекші ауылдық округінің тұрғындарына жолдады.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ