Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда дүбірлі Наурыз тойы кең көлемде аталып өтті

Мақтааралда дүбірлі Наурыз тойы кең көлемде аталып өтті

336

Түркістан облысының Мақтаарал ауданы аумағында Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесі биыл ерекше сән-салтанатымен, кең ауқымда ұйымдастырылды. Аудан орталығы Мырзакент кентінің орталық саябағында өткен «Қош келдің, әз-Наурыз» атты мерекелік іс-шараға жиналған халықтың қарасы қалың болды.

Мерекелік бағдарламаның басында аудан әкімі Бақыт Асанов, облыстық мәслихаттың депутаттары Жарқынбек Қанаев пен Дулат Әбіш, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық қоғамдық ұйымдардың басшылары бастаған делегация саябақ аумағын аралап, ұлттық ойындардың көрігін қыздырған көріністерді тамашалады. Атап айтқанда, бөренеге өрмелеу, қол күресі, аударыспақ және тоғызқұмалақ секілді дәстүрлі ойындар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, этномәдени орталықтар ұйымдастырған ұлттық тағамдар көрмесі де келушілердің қызығушылығын тудырды.

Саябақ аумағында балаларға арналған ойын алаңшалары, аттракциондар мен батуттар, алтыбақан орнатылып, тұрғындардың жайлы демалуына барлық жағдай жасалды. Кәсіпкерлерге арнайы сауда орындары ұсынылып, қоғамдық тамақтану қызметтері де қарастырылды. Тұрғындарға тегін наурыз көже таратылды.

Мерекелік іс-шараның негізгі бөлігі саябақтағы амфитеатрда жалғасын тапты. «Қош келдің, әз-Наурыз» атты композициялық қойылыммен басталған концерттік бағдарламада өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Би ансамбльдері ұлттық және заманауи билерін ұсынып, кештің ажарын аша түсті. Қазақы дәстүр бойынша Қыдыр ата көпшілікке ақ батасын беріп, этно-фольклорлық әндер орындалды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Асанов тұрғындарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, ел бірлігі мен берекесінің арта беруіне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, ол елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға тоқталып, Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған жаңғырту бастамаларына әрбір азамат өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

Мерекелік концерттің арнайы қонақтары – қазақстандық эстрада жұлдыздары Мәди Роман мен Жұбаныш Жексенұлы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жиналған жұрт әнге қосылып, би билеп, өнер жұлдыздарымен естелік суреттерге түсті.

Мерекелік шара барысында аудан басшысы бастаған топ мемлекеттік және жекеменшік мекемелер ұйымдастырған сегіз киіз үйден тұратын этноауылға арнайы барып, әр шаңырақтың ұлттық дәмінен ауыз тиді. Бұл этноауыл қазақ халқының бай мәдениеті мен қонақжайлылығын айшықтай түсті.

Айта кетейік, биыл Әз-Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өту мақсатында Мақтаарал ауданында барлық кенттер мен ауылдық округтерде, сондай-ақ түрлі мемлекеттік мекемелерде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.