Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралдағы жасыл серпіліс: Абат ауылы 400-ден астам көшет екті

Мақтааралдағы жасыл серпіліс: Абат ауылы 400-ден астам көшет екті

349

Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Абат ауылы игі бастамасымен ел назарын өзіне аударды. Ауыл тұрғындары елді мекен аумағына 400-ден астам көшет отырғызып, ауқымды көгалдандыру акциясын өткізді.

Бұл іс-шара – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдаудың жарқын үлгісі болды. Абаттықтар табиғатты түлету жолында елді мекен шегінен бөлінген арнайы жер теліміне 25 дана арша, 10 дана сәндік тұт, 20 дана қытай бамбугы, 70 дана қара тал, 50 дана терек және 140 дана раушан гүл көшеттерін отырғызды. Сонымен қатар, ауылдың көркіне айналып келе жатқан «Абат» аллеясына қосымша 18 дана арша мен 50 дана қара тал екті.

Тал егілген 300 метрден аса аумақ арнайы темір қоршаумен қоршалды. Бұдан бөлек, арықтар қазылып, бұған дейін егілген талдар суғарылды. Ауылдың үлкендері бастама болған акцияға жастар да өз үлестерін қосты. «Абат» аллеясы енді тек серуен құратын орын ғана емес, ауыл жастары мен тұрғындарының ортақ еңбегінің символына айналды. Жаңадан егілген аршалар мен қара талдар алдағы жылдары ауылдың шырайын кіргізіп, көлеңкелі, көрікті демалыс аймағын қалыптастыратын болады.

«Бұл бастама – жай ғана ағаш отырғызу емес. Бұл – экологиялық сана мен жауапкершіліктің нақты көрінісі. Абаттықтар табиғатты қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы парыз екенін іс жүзінде дәлелдеді. Егілген ағаштар бірнеше жыл ішінде ауыл ауасының сапасын жақсартып, шаң-тозаңды азайтуға, микроклимат қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосады» — деді, ауыл тұрғыны Батыр Смайлов.

Айта кетейік, Абат ауылының тұрғындары бірлік пен ұйымшылдықтың арқасында осылайша көпке үлгі бола білді. Олар алдағы уақытта да егілген көшеттерге күтім жасап, терең тамыр жайып кетуіне үлес қосатын болады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.