Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Аудан әкімі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілдерімен кездесті

Аудан әкімі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілдерімен кездесті

62

Күні кеше «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының «Ірі жобаларды іске асыру жөніндегі дирекциясы» филиалының «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы жөніндегі басқарма басшысы Нұрлан Нұрабаев, «Integra Construction KZ» ЖШС-ның бас инженері Дархан Альжанов, «KSD Engineering» ЖШС-нің авторлық бақылау маманы Әлімжан Алтынбектер Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келді.

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, аудан әкімінің орынбасарлары Нұрбол Саттаров пен Бижан Анарбеков және тиісті бөлім басшылары компанияның өкілдерімен арнайы кездесу өткізіп, темір жол құрылысындағы өзекті мәселелерді кеңінен талқылады.

Жалпы ұзындығы 119 шақырымды құрайтын «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Оның ішінде 15,35 шақырымы Мақтаарал ауданы аумағы арқылы өтеді. Аталған жоба іске асқан соң Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жүк тасымалының тиімділігі артып, транзиттік мүмкіндіктер кеңейеді. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауданның инвестициялық тартымдылығы өседі.

Жиын барысында аудан басшысы жобаны жүзеге асыру мақсатында «Мақтаарал» станциясын орналастыруға қажетті жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімдері басталғанын хабарлады.

«Бұл жұмыстар «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне» сәйкес жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, тұрғын үй құрылысына арналған – 0,9987 гектар болатын 8 жер телімі, кәсіпкерлік және өзге мақсаттағы – 2,25 гектар болатын 11 жер телімі, ауыл шаруашылығы мақсатындағы – 27,02 гектар болатын 34 жер телімі және мемлекеттік жер пайдаланушылардағы – 0,6 гектар болатын 7 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылатын болады. Осыған байланысты Мақтаарал ауданы әкімдігінің және Түркістан облысы әкімдігінің қаулылары қабылданды» — деді, Бақыт Насырханұлы.

Кездесу барысында тараптар жер иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу, өтемақы төлеу тәртібі және құрылыс жұмыстарының мерзімі мәселелерін жан-жақты қарастырды. Аудан әкімдігі тарапынан барлық рәсімдердің заң талаптарына сай жүргізіліп жатқаны баяндалды.

Айта кетейік, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі пайдалануға берілген соң Мақтаарал ауданы алғаш рет негізгі теміржол бағыттарына тікелей қосылып, өңір тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. Оның ішінде логистика, қызмет көрсету және өндіріс салаларында жаңа жұмыс орындары құрылып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, аудан халқының табысының артуына, инфрақұрылым мен инвестициялық тартымдылықтың өсуіне серпін береді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.