Skip to content
Басты бет / АЙМАҚ / Мырзакенттің орталық көшесі гүлмен көмкерілуде

Мырзакенттің орталық көшесі гүлмен көмкерілуде

73

Мырзакент кентінде көктемгі абаттандыру жұмыстары қазірден қарқын алды. Аудан орталығының ажарын ашып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында аудан әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасымен орталық көшелерге гүл егу жұмыстары басталды.

Қазіргі таңда С.Қожанов көшесінің 1,5 шақырым аумағындағы бордюрлардың орта тұсындағы топырақ қопсытылып, ретке келтірілді. Мамандар алдымен жердің құнарын арттыру мақсатында арнайы агротехникалық жұмыстар жүргізіп, топырақты тегістеп, гүл отырғызуға толықтай дайындаған. Енді кезең-кезеңімен түрлі-түсті гүл көшеттерімен көмкеріліп, кенттің көркіне көрік қоспақ.

Аталған игі шараларды «Мақтаарал қызмет» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асыруда. Алдағы уақытта кенттің басқа да аумақтарында, оның ішінде саябақтар мен гүлзарларда гүл егу жұмыстарын атқаратын болады. Кәсіпорын қызметкерлері тек гүл егу жұмыстарымен шектелмей, кент аумағын кешенді түрде абаттандыруға белсене кіріскен. Атап айтқанда, шарбақтар мен қоршауларды ретке келтіру, сырлау-бояу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Жастар гүлзары» аумағындағы орындықтар ретке келтірілуде. Демалыс аймағындағы ағаштар мен сәндік көшеттерді бұтау, қалыпқа келтіру жұмыстары да қатар атқарылуда.

Жүргізіліп жатқан абаттандыру шаралары кенттің санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы әрі эстетикалық жағымды орта қалыптастыруға бағытталған. Жергілікті билік алдағы уақытта да көгалдандыру мен көріктендіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, мұндай кешенді жұмыстар кенттің экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттыра түседі. Көктемгі көріктендіру науқаны алдағы күндері де өз жалғасын табады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.