Мақтаарал ауданы аумағында ағымдағы жылдың 21 ақпан күні «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Аталған шара аудан көлемінде тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында өткізілді.
Сенбілікке жалпы саны 2000-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары, сондай-ақ белсенді еріктілер болды. Ұйымшылдық пен бірліктің нәтижесінде ауқымды жұмыстар атқарылып, аудан аумағында санитарлық тазалықты жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралар жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, бей-берекет жинақталған 13,5 тонна қоқыс арнайы полигондарға шығарылды. Сонымен қатар, ұзындығы 70 шақырымға жуық автомобиль жолдарының бойы қоқыстан тазартылып, жол жиегі ретке келтірілді. Тазалық жұмыстарын жүргізуге 15 дана арнайы техника жұмылдырылып, белгіленген аумақтар қысқа мерзім ішінде толық қамтылды.
Сенбілік аясында тек тазалық жұмыстары ғана емес, көктемгі көгалдандыру науқанына дайындық шаралары да қатар жүргізілді. Аудан аумағында алдағы уақытта егілетін көшеттер үшін арнайы орындар дайындалып, жер жырту, арық қазу және шұңқыр дайындау жұмыстары жоспарлы түрде атқарылды. Бұл жұмыстар көктем мезгілінде жасыл желектер санын арттырып, ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға негіз болмақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы сенбіліктер – тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, туған жерге деген жанашырлықты нығайтатын маңызды бастама.















