Ауданның ауыл шаруашылығы саласы соңғы жылдары тұрақты даму траекториясына шығып, өндіріс көлемі мен өнімділік көрсеткіштері бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша салада өндірілген жалпы өнім көлемі 85,7 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 17,3 пайызға артты. Бұл – ауыл шаруашылығының экономиканың жетекші салаларының бірі ретіндегі маңызын айқын көрсететін оң динамика.
Сала құрылымына тоқталсақ, өндірілген өнімнің негізгі бөлігі егін шаруашылығына тиесілі. Атап айтқанда, егін шаруашылығында 72,1 млрд теңгенің, ал мал шаруашылығында 13,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіштер аграрлық өндірісте өсімдік шаруашылығының жетекші рөлін сақтап отырғанын аңғартады.
Аудан бойынша ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер көлемі 60,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 1,8 мың гектар алқапқа көкөніс дақылдары егілген. Жер ресурстарын тиімді пайдалану мен әртараптандыру саясаты өз нәтижесін беруде.
2025 жылы мақта дақылы 35 132 гектар алқапқа егіліп, нәтижесінде 99 072 тонна өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 28,2 центнерді құрады.
Бақша дақылдары 13 387,8 гектар алқапқа орналастырылып, 313 274,5 тонна өнім алынды. Бұл бағыттағы орташа өнімділік гектарына 234,0 центнерге жетіп, саланың әлеуеті жоғары екенін көрсетті.
Көкөніс шаруашылығы да тұрақты дамуда. 1 818 гектар алқапқа егілген көкөніс дақылдарынан 45 323 тонна өнім жиналып, орташа өнімділік гектарына 249,3 центнерді құрады. Оның ішінде қырыққабат дақылы ерекше нәтижемен көзге түсті: 520 гектар алқаптан 16 791 тонна өнім алынып, орташа өнімділік 322,9 центнерге жетті.
Мал азықтық дақылдар 4 383,3 гектар жерге егілді. Нәтижесінде 49 194 тонна өнім жиналып, гектар өнімділігі 113,6 центнерді құрады. Ал 6 242,2 гектар алқапқа егілген дәнді дақылдардан 36 603,6 тонна өнім алынып, орташа өнімділік 58,6 центнерге жетті.
Жыл басынан бері аудан көлемінде 5 692 тонна ет, 17 644 тонна сүт өндіріліп, 6 581,2 мың дана жұмыртқа алынған. Мал шаруашылығы өнімдерінің тұрақты өсуі тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр.
Материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары да жүйеге түскен. 2025 жылы агроқұрылымдар тарапынан 220 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен 13 қосалқы агрегат сатып алынды. Бұл егін егу, жинау және өңдеу жұмыстарының сапасы мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 102 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. Бұл мақсатқа жету үшін өндіріс көлемін ұлғайту, өнімділікті арттыру және заманауи технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.


























