Skip to content
Басты бет / Ауыл шаруашылығы / Мақтааралда қысқы сор шаю жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Мақтааралда қысқы сор шаю жұмыстары қарқынды жүргізілуде

40

Мақтаарал ауданында егістік алқаптардың өнімділігін арттыру мақсатында қысқы сор шаю жұмыстары жаппай басталды. Қазіргі таңда аудан аумағындағы негізгі су көзі — Достық каналы ағын суға толып, оның тармақтары арқылы барлық егістік алқаптарға су жеткізілуде.

Аудан бойынша жалпы егістік алқап көлемі 60 330 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге дейін соның 31 867 гектарында пал алу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, 3 127 гектар жер терең қопсытылып, 3 509 гектар алқап тегістелді. Бұл – егістік жерлерді жаңа маусымға дайындау бағытындағы маңызды агротехникалық шаралар.

Жалпы Мақтаарал ауданында 46 800 гектар жерге қысқы сор шаю жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Алайда қазіргі таңда оның тек 3 872 гектарында ғана сор шаю жұмыстары атқарылды. Бұл жоспарланған көлемнің небәрі 8,3 пайызын құрайды. Осыған байланысты аудан әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасымен ағын суға жауапты мекеменің өкілдері, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, ауылдық округтердің әкімдері тарапынан шаруаларға түсіндіру жұмыстары күшейтілуде.

Жиындар мен кездесулер барысында сор шаюдың маңыздылығы, оның топырақ құнарлылығына тигізер оң әсері және уақытылы жүргізудің қажеттілігі кеңінен түсіндірілуде. Сонымен қатар, биыл аудан көлемінде су үнемдеу технологияларын 8 мың гектар жерге енгізу жоспарланып отыр. Бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда 2 349 гектар жердің иелерімен су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша келісімшарттар жасалған. Аталған технологиялар су ресурстарын тиімді пайдалануға және егін шаруашылығының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, аудан басшысы қысқы сор шаю және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жедел күшейту қажет екенін атап өтіп, жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.