Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтаарал ауданында қылмыс деңгейі 24,5 пайызға төмендеді

Мақтаарал ауданында қылмыс деңгейі 24,5 пайызға төмендеді

59

Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бастығы Ердәулет Амантаев 2025 жылдың 12 айында атқарылған жедел-қызметтік жұмыстардың қорытындысы бойынша аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында есеп берді.

Түркістан облысы полиция департамынті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Бағланбек Айтбаев төрағалық еткен жиынға аудандық полиция бөлімінің орынбасарлары, бөлімше және топ басшылары, жеке құрам қызметкерлері қатысты.

Баяндама барысында аудан аумағындағы жедел жағдай мен қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар жан-жақты талқыланды. Есептік кезеңде аудан бойынша барлығы 154 құқықбұзушылық тіркеліп, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 24,5 пайызға төмендеген.

Профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде зорлау, бопсалау және қарақшылық қылмыстары тіркелмеген. Сонымен қатар, кісі өлтіру деректері 66,7 пайызға, бұзақылық 60 пайызға азайған. Аса ауыр және орта дәрежелі қылмыстардың да төмендеуі байқалды. Сонымен бірге эпизодтық қылмыстық істердің орын алуына байланысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың жекелеген санаттары бойынша өсім тіркелген. Атап айтқанда, ұрлық, пәтер және мал ұрлығы, тонау мен алаяқтық қылмыстары артқан. Дегенмен қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыстардың ашылу деңгейі 93,5 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда едәуір жақсарған.

Тергеу саласы бойынша 512 қылмыстық іс өндірісте болып, оның 132-сі сотқа жолданған. Жеделдетілген тәртіппен қаралған істер саны да артқан. Криминалдық полиция қызметкерлері тарапынан қылмысқа бейім тұлғаларға қатысты жедел бақылау орнатылып, іздеуде жүрген алты адамның төртеуі анықталған. Қалған тұлғаларды анықтау бағытында жедел-іздестіру шаралары жалғасуда.

Алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Соған қарамастан, алаяқтық қылмыстары 16,3 пайызға өсіп, оның 28-і интернет-алаяқтық ретінде тіркелген. Бұл санаттағы қылмыстардың ашылу деңгейі 95,7 пайызды құраған.

Қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 47,7 пайызға, көшедегі қылмыстар 52,9 пайызға азайған. Мас күйде, топтасып және отбасы-тұрмыстық қатынаста жасалатын қылмыстар да едәуір төмендеген. Сонымен қатар, маскүнемдік пен тұрмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауданның 20 елді мекенінде алкогольдік ішімдік сатуға шектеу енгізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табады.

Жол қауіпсіздігі саласында 9671 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері бойынша бақылау күшейтілген. Алайда жол-көлік оқиғаларының саны аздап өсіп, адам өлімі тіркелген. Әкімшілік полиция саласы бойынша да 15 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, 208 миллион теңгеден астам айыппұл салынған, оның 83,2 пайызы өндірілген.

Жиын қорытындысында 2026 жылға арналған негізгі міндеттер айқындалып, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту, азаматтармен кері байланысты арттыру және қызметтік тәртіпті қатаң сақтау бағыттары белгіленді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.