Skip to content

Мақта кластері – экономиканың жаңа тірегі

26

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыты ретінде экономиканы әртараптандыруды, нақты секторды күшейтуді, өңдеу өнеркәсібін дамытуды және инвестиция тартуды жүйелі түрде атап өтіп келеді. 

Осы мақсатта агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, заманауи технологияларды енгізу және жаңа өндірістер ашу мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналды. 

Аталған бағыттар аясында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласының бір тармағына тоқталып өтуді жөн санап отырмын.

Өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласы бойынша республикада көшбасшы өңірлердің санатында.

Сонымен қатар, елімізде мақта өсіретін бірден-бір аймақ болып табылады. Осы стратегиялық артықшылықты тиімді пайдалану мақсатында облыста мақта-тоқыма кластерін құру жобасы жүзеге асырылуда.

Аталған жоба Мемлекет басшысы айқындаған шикізатты ел ішінде терең өңдеу, дайын өнім көлемін арттыру және Қазақстанның экспорттық әлеуетін күшейту жөніндегі тапсырмаларымен толықтай үндес.

Жалпы, бұл бастама осыдан бір жарым жыл бұрын бастау алған. Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барғанда мақта өсіру және оны терең өңдеу саласындағы ірі компаниялармен кездесулер өткізген болатын. 

Келіссөздер барысында тәжірибе алмасып, екіжақты сәтті әріптестік орнатылды. 

Нәтижесінде бұл келісімдер нақты инвестициялық жобаларға ұласып, бүгінде өңір басшысы Нұралхан Көшеровтың басшылығымен мақта-тоқыма кластерін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық жоба табысты жүзеге асырылуда. 

Мақта-тоқыма кластерін дамытуға жетекшілік етіп отырған инвестор – Қытайдың мақта өсіру және оны терең өңдеу саласындағы ең ірі компаниялардың бірі Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. Компания тұқым өсіруден бастап, тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі мақтаны кешенді өңдеуге және өндірістің толық циклын басқаруға маманданған. 

Міне, бүгінде облыста осы шетелдік инвестормен бірлесе Орта Азия кеңістігінде баламасы жоқ мақтаны терең өңдейтін мақта-тоқыма кластері құрылды.

Кластердің ерекшелігі су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақта өсіруден бастап – иірілген жіп, мата, дайын киім және өзге де тоқыма өнімдерін шығарады. 

Бұл өңір экономикасына жаңа серпін беріп, шикізаттық бағыттан арылып, дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру арқылы 7 мың адам жұмыспен қамтылып, 

201 млрд. теңге инвестиция тартылады. 

Мақта өнімділігі 2-3 есе жақсарып, жылына 229 мың тонна мақта өндірілетін болады.

Жалпы, жоба аясында 10 зауыт салу жоспарланған. Оның ішінде 4 — мақта өңдеу зауыты,  2-тамшылатып суару жүйелерін өндіретін  зауыт, сондай-ақ 4 тоқыма зауыты бар. 

Соның бірқатары іске қосылып жұмыс жасауда. 

Кластердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ПВХ құбырларын шығаратын зауыт іске қосылып, тоқыма фабрикалары салынуда.

Жақында Отырар ауданында орналасқан көпфункционалды «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» аясында 3 зауыт іске қосылды.

Атап айтқанда, тамшылатып суару құрылғылары мен суаруға арналған таспалар өндіретін өндіріс орны өз жұмысын бастады. 

Кәсіпорын жылына 800 млн. метр суару лентасын өндіріп, 50 мың гектар алқапты заманауи суару жүйесімен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Бұл кәсіпорын су үнемдеуге бағытталған аса маңызды жоба. Тамшылатып суару жүйелерін жергілікті жерде өндіру арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолжетімділік артып, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізуге жағдай жасалды.

Сонымен қатар, Отырарда заманауи  мақта өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Зауыттың іске қосылуымен 279 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Бұл кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып, мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Серіктес қытайлық инвесторлар көмегімен 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егіліп, әр гектардан орта есеппен 50-60 центнерден өнім алынды. Бұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған.

Су үнемдейтін бұл технологиялар – климаттық өзгерістер жағдайында аса өзекті.

Жоба аясындағы екі бірдей мақта өңдеу зауытының жалпы құны 21,1 млрд. теңгені құрайды. Бұл өндірістер жылына 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді. 

Бүгінгі таңда 120 мың тонна шитті мақта жиналып, оның 30 мың тоннасы таза мақта ретінде өңделді.

Ең маңыздысы, осы жобалардың жұмысын біріктіріп, басқару мен бақылауды жүзеге асыратын жасанды интеллектке негізделген орталық басқару станциясы пайдалануға берілді. 

Механикаландырылған станция аталған ірі жоба үшін арнайы жасақталды. 

Бір орталық арқылы 30 мың гектар алқаптағы суару, реттеу және бақылау жұмыстары автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Мұнда егіс алқабы, зауыттар түгел бақыланып отырады. Су, мақтаның өсу барысы, жердің ылғалдылығын да қадағалау жүйесі енгізілуде.

Бұл ақылды басқару Мемлекет басшысының әр салаға жасанды интелектіні енгізу туралы тапсырмасының нақты нәтижесі деп айтсақ болады. 

Айта кетсем, жалпы бұл ашылған кәсіпорын  жұмысшыларына да қолайлы жағдай жасалған. 700-ге жуық жұмысшыға арналған жатақхана, асханалары бар. Компания өзі 280 метрден ауыз су тартып, күніне 4 мың жұмысшыға жететін су шығарылады. 

Зауыттың қазіргі уақытта 20 мың өңделген мақта сақтайтын алып қоймасы бар. 

Одан бөлек, жуырда Түркістан қаласында «Turan» арнайы экономикалық аймағында толық циклді тоқыма бұйымдарын өндіретін яғни,  жіп иіріп, мата өндіретін ірі кешен іске қосылды.  

42 гектар жер бөлінген өндірістік кешеннің жалпы инвестициялық құны – 86,2 млрд. теңге. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, биыл алғашқы кезеңі іске қосылды. Жобаның бірінші кезеңінде 430 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 

Ал, 2026 жылдың желтоқсан айына дейін зауыттың келесі үш кезеңі толық аяқталып, қосымша 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Зауыт толық іске қосылған кезде жыл сайын 11,4 мың тонна жіп, 47,3 миллион шаршы метр мата, 2 миллион төсек-орын жабдықтары жиынтығы мен 4 миллион көрпе өндіру жоспарланып отыр.

Ашылған кәсіпорын жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту жолындағы жаңа кезеңнің бастамасы екені сөзсіз.

Бұл жоба Түркістан өңірінде жеңіл өнеркәсіпті жүйелі түрде дамытуға, мақта саласының тиімділігін арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге, жаңа индустриялық бағыттардың қалыптасуына серпін беретін маңызды қадам.

Көріп отырғандарыңыздай, қысқа мерзім ішінде Түркістан облысында мақта өсіруден бастап, оны терең өңдеуге дейінгі толық өндірістік тізбекке негізделген мақта-тоқыма кластері қалыптасты. Бұл – бір ғана саланың жетістігі емес, өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған жүйелі саясаттың нақты нәтижесі.

Алдағы бес жылда мақтаны егістіктен бастап, дайын киім тігетін деңгейге дейін жеткізетін толық циклдің орнығуы күтілуде. 

Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экспорт көлемінің артуына және жеңіл өнеркәсіптің дамуына жол ашады. 

Ең бастысы, жоба заманауи агротехнологияларды, су үнемдеу жүйелерін және жасанды интеллектке негізделген басқару тетіктерін енгізу арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін түбегейлі арттырып отыр.

Мақта-тоқыма кластерінің дамуы тек Түркістан өңірі үшін ғана емес, тұтас Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл бастама еліміздің дайын тоқыма өнімдерін экспорттайтын бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қалыптасуына берік негіз қалайды.

Мұның барлығы – мемлекеттік қолдау, тиімді инвестициялық саясат және бірлікте атқарылған табанды еңбектің жемісі.

Қазіргі уақытта кластерлік даму облыста жүйеге қойылып, аймақтың экономикалық әлеуеті жаңа деңгейге көтеріліп отыр.

Мақта-тоқыма кластерін дамытудан бөлек, облысымызда жүгері және ет кластерін құру бойынша да үлкен жұмыстар жүргізілуде. 

Себебі, бұл бағыттағы даму облыстағы арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктерін толық пайдалануға жағдай жасап, шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды өндірістік алаң қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Түркістан облысының даму жолындағы бұл бастамалар жаңа индустриалды дәуірдің бастамасы болары сөзсіз.

Н.Әбішов,

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.