Skip to content

Еңбек етуді Орынбек ағадан үйрену керек!

160

Қазақ халқы үшін еңбек – тіршіліктің тірегі, ырыстың бастауы. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген дана сөздің өміршеңдігін өз ғұмыр жолымен дәлелдеп жүрген азаматтардың бірі – Өтебаев Орынбек Тастанбекұлы.


Орынбек Тастанбекұлы 1954 жылы Сарыағаш ауданында дүниеге келген. 1976 жылы жоғары оқуды аяқтаған соң арнайы жолдамамен Мақтаарал ауданына келіп, еңбек жолын бастады. Сол уақыттан бастап бар саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласының дамуына арнады. Алғашқы еңбек жолын сол кездегі Славян поселкесіндегі мақта өңдеу зауытынан бастаған жас маман қысқа уақыт ішінде іскерлігімен, жауапкершілігімен көзге түсті. Білікті маман 1977–1982 жылдары Еңбекші ауылдық округіндегі Нұрлы таң ауылында (бұрынғы Коммунизм совхозының Фрунзе бөлімшесінде) аға агроном болып еңбек етті. Осы жылдарда егістік жерлердің агрохимиялық жағдайын жүйелі түрде зерттеп, топырақ құнарлылығын сақтауға баса мән берді. Мақта және қосалқы дақылдарды орналастыруда әр танаптың мүмкіндігін тиімді пайдалануға қол жеткізді. Аға агроном ретінде ол тұқым сапасына ерекше көңіл бөліп, жоғары өнім беретін сорттарды іріктеу, тұқымды алдын ала өңдеу, себу мерзімін нақты белгілеу жұмыстарын жолға қойды. Сонымен қатар тыңайтқыштарды дұрыс мөлшерде қолдану, суару кестесін реттеу арқылы өнімділікті арттыруға ықпал етті. Бұл жылдары колхоздағы мақта өнімінің сапасы мен шығымдылығы айтарлықтай өсті.

1982–1986 жылдары Жаңа жол ауылдық округінде (бұрынғы “Новый путь” кеңшарында) бас агроном қызметін атқарып, тәжірибесін одан әрі арттыра түсті. Әр алқаптың ерекшелігін ескеріп, өнімділікті арттыру жолында ғылыми тәсілдерді тәжірибемен ұштастыра білді. Ауыл еңбеккерлеріне агротехникалық талаптарды түсіндіріп, тәжірибелік семинарлар өткізіп, өндірістегі тәртіп пен жауапкершілікті арттырды. Бас агроном ретінде ол зиянкестер мен өсімдік ауруларына қарсы күресті жүйелі жүргізіп, химиялық және биологиялық қорғау әдістерін ұштастыра қолданды. Соның нәтижесінде егістіктердің зақымдану деңгейі төмендеп, шығын азайды. Су ресурстарын үнемді пайдалану, арық-атыз жүйесін жетілдіру бағытында да нақты жұмыстар атқарды. 1986–1992 жылдары «Мақтаарал» совхоз техникумында бас агроном болып, жас мамандарды тәрбиелеуге үлес қосып, бағыт-бағдар берді. Студенттерді егіс алқаптарына шығарып, нақты өндірістік жағдайларда тәжірибе жинақтауға мүмкіндік жасады. Орынбек ағаның тәлімін алған көптеген жастар кейін ауыл шаруашылығы саласында білікті маман ретінде қалыптасты. Ал 1992–1998 жылдары «Коммунизм» кеңшарына директор болып сайланып, шаруашылықтың экономикалық әлеуетін нығайтып, ұжымның ұйымшылдығын арттыра білді. Кейіннен совхоздар тараған соң, тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінде «Қайнар» шаруа қожалығын құрып, фермерлікпен айналысты. Бүгінде өзіне тиесілі егіс алқаптарында ауыспалы егіс әдісін тиімді қолданып, мақта мен жоңышқа, сондай-ақ түрлі бау-бақша өнімдерін өсіруде. Жердің тілін тапқан диқанның еңбегі еш кеткен емес. Әр жылы мол өнім алып, ауыл экономикасына өз үлесін қосып келеді.

Өмірлік тәжірибесі мол ағамыздың жастарға айтар ақыл-кеңесі аз емес. Ол ауыл шаруашылығы саласының болашағы – жаңа технологияны терең игеруге, білім мен еңбекке тікелей байланысты деп біледі. Ол әрдайым агрономия ғылымын терең меңгеріп, заманауи әдістерді қолдану арқылы ғана ауыл шаруашылығын дамытуға болатынын айтып келеді. Оның агрономдық жолы – адал еңбек пен кәсіби біліктіліктің жарқын үлгісі

Орынбек ағаның жемісті еңбегі бағаланып, “ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл” және 2024 жылы “Ерен еңбегі үшін” медалдарымен облыс, аудан әкімдерінінң Алғыс хаттарымен марататталды. Ал 2025 жылдың күзінде “Үздік агроном” атанып, облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

Орынбек Өтебаев – тек еңбек адамы ғана емес, үлгілі әке, ардақты ата. Жұбайы Клавдия Утебаева екеуі 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 13 немеренің қызығына кенеліп отыр. Үлкен ұлы Нұрлан заң саласының қызметкері, қызы Әлия кәсіпкер. Кенже ұлы Нұржан әке жолын лайықты жалғастырып, ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп келеді. Бұл – әке тәрбиесінің, адал еңбектің жемісі.


Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ,

Мақтаарал ауданы.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.