Бүгін Мақтаарал ауданы әкімінің аппаратында аппарат жиыны өтті. Аудан әкімі Бақыт Асанов төрағалық еткен мәжіліске әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аумақтық мекемелер мен дербес бөлімдердің басшылары, сондай-ақ кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, ең алдымен ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Шалқар Абенов баяндама жасады. Ол 2025 жылдың қорытындысымен бюджет қаражатының игерілу барысы және ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамды орындалуына кеңінен тоқталды. Баяндамасында бөлім басшысы орындалмау қаупі бар бірқатар индикаторлық көрсеткіштерді атап өтіп, олардың себептерін түсіндірді.
Аудан басшысы бұл мәселеге ерекше назар аударып, тиісті сала басшыларына ескерту жасап, тәуекелдердің алдын алу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, жоспарланған көрсеткіштердің толық әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін қатаң тапсырды.
Келесі кезекте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғабит Полатов баяндама жасады. Ол табиғи газ берілген елді мекендерде абоненттердің газ жүйесіне қосылу деңгейі, сондай-ақ кенттер мен ауылдық округтердегі ішкі көшелерге мемлекеттік акт алу жұмыстарының барысы туралы ақпарат берді.
Аудан басшысы газға қосылу көрсеткіші төмен елді мекендердің әкімдерінен арнайы жауап алып, бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, ішкі көшелерге мемлекеттік акт алу жұмыстарын созбалаңға салмай, белгіленген мерзімде аяқтауды қадап айтты. Бұдан бөлек, Ғабит Полатов тұрғын үй кезегін түгендеу жұмыстарының барысы туралы баяндап, жүргізіліп жатқан іс-шаралар жөнінде мәлімет ұсынды.
Жиын барысында су үнемдеу технологияларын ауыл шаруашылығына кеңінен енгізу, 2026 жылға арналған егіс құрылымын бекіту, сондай-ақ өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, әр мәселе тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Аппарат жиыны қорытындысында Бақыт Асанов барлық басшыларды жауапкершілікпен жұмыс істеуге шақырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі әрі нәтижелі жүргізу қажеттігін айтты.













