Күні кеше «AMANAT» партиясы Мақтаарал аудандық филиалының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, партия филиалының мәжіліс залында Мақтаарал ауданының әкімі Асанов Бақыт Насырханұлы аудан тұрғындарының жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға алдын ала жазылған 4 азамат келіп, өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық, инфрақұрылымдық және жер қатынастарына байланысты өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу барысында тұрғындар негізінен тұрғын үйге жер бөлу, ауыл шаруашылығына арналған жерлерді пайдалану, кәсіпкерлік нысандарды дамыту, әлеуметтік қолдау және инфрақұрылым тарту бағыттарында мәселелерін көтерді.
Аудан басшысы әрбір азаматтың өтінішін жеке қарап, тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Бірқатар өтініштер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, заң аясында шешу жолдары қарастырылды.
Сонымен қатар, қабылдау барысында индустриалды аймақтардағы кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік мекемелердің материалдық базасын жақсарту, спорт және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына жағдай жасау сияқты өзекті мәселелер де қаралды.
Қоғамдық қабылдауға аудан әкімімен қатар, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Мұхтар Кенжетайұлы, аудандық бөлім басшылары, кент пен ауылдық округ әкімдері, аудандық полиция бөлімінің өкілі, тиісті сала мамандары және БАҚ өкілдері қатысты.
Осындай ашық форматтағы қабылдаулар – тұрғындар мен билік арасындағы байланысты нығайтып, өзекті мәселелердің шешілуіне нақты мүмкіндік береді.









