Понедельник, 13 октября, 2025
16.1 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтааралда қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған республикалық диктант ұйымдастырылуда

Мақтааралда қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған республикалық диктант ұйымдастырылуда

Бүгін Мақтаарал аудандық мәдениет үйінде тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған жиын өтті.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен өткізіліп жатқан «Қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант» жобасы таныстырылды.

Жиынға аудан әкімдігі өкілдері, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, құқық қорғау органдарының мамандары және жергілікті тұрғындар қатысты.

«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында ұйымдастырылып жатқан шараның негізгі мақсаты – тұрғындарды қаржылық алаяқтықтан қорғау, қаржылық тәуекелдерден сақтандыру және азаматтардың жалпы қаржылық сауаттылығын арттыру.

«2025 жылғы 10–20 қазан аралығында елімізде «Қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант» өткізу жоспарлануда. Бұл бастаманың басты мақсаты – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық алаяқтық схемаларды тани білу және өздерін алаяқтық әрекеттерден қорғау қабілетін дамыту. Аудандық кезеңді 15 қазанға дейін өткізу ұсынылады» – деді, жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов.

Бұл мәселелер қазіргі таңда қоғамда өзекті бола бастаған қауіптер қатарында тұр. Сондықтан, диктанттың негізгі миссиясы – азаматтарды осындай қаржылық схемалардан сақтандыру және құқықтық әрі қаржылық мәдениетті дамыту. Шара барысында диктантқа мектеп оқушылары мен колледж студенттері, барлық деңгейдегі мұғалімдер мен педагогтар, мемлекеттік және жеке мекеме қызметкерлері, қаржы саласының сарапшылары, жалпы қаржылық сауаттылығын арттырғысы келетін кез келген азамат қатыса алатыны айтылды.

Қатысу үшін онлайн платформадан тіркеуден өту керек және 25 минут ішінде 20 сұраққа жауап беру керек екен. Нәтижесінде 16 және одан көп дұрыс жауап берген қатысушы – жеңімпаз ретінде цифрлық дипломға, ал қалғандары қатысушы сертификатына ие болады. Сонымен қатар, республикалық деңгейде алғашқы болып тіркеліп, жоғары нәтиже көрсеткен 10 қатысушыға бағалы сыйлықтар табысталатыны хабарланды.

Жиын соңында аудан басшылығы барлық мекемелер мен ұйымдарды 15 қазанға дейін диктантқа белсенді қатысуға шақырды.

Айта кетейік, бұл бастама – еліміздің қаржылық қауіпсіздігі мен құқықтық мәдениетін дамытуға арналған маңызды қадам. Әрбір азамат қаржылық сауаттылығын арттыра отырып, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, әділетті және тұрақты қоғам құруға да өз үлесін қосады.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ