Вторник, 14 октября, 2025
13.9 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтааралда ұстаздар күніне арналған салтанатты кеш өтті

Мақтааралда ұстаздар күніне арналған салтанатты кеш өтті

Бүгін, қазан айының алғашқы аптасында атап өтілетін дәстүрлі Ұстаздар күні мерекесіне орай Мақтаарал аудандық мәдениет үйінде салтанатты кеш ұйымдастырылды. Білім саласының ардагерлері мен белсенді педагогтар жиналған шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Салтанатты жиын барысында аудан басшысы жас ұрпақтың саналы тәрбие мен сапалы білім алуына өлшеусіз үлес қосып жүрген мұғалімдерге ерекше алғысын білдіріп, олардың қажырлы еңбегін жоғары бағалады.

«Мақтаарал ауданының дамуына, жас ұрпақтың тәрбиесіне қосып келе жатқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін. Ауданымызда білім сапасы жыл сайын артып, ұстаздарымыздың жетістігі көбейіп келе жатқаны біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл – сіздердің үздіксіз еңбектеріңіздің жемісі», – деді, Бақыт Насырханұлы өз құттықтау сөзінде.

Шара аясында білім беру саласында белсенділік танытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар ұстаздар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – олардың тынымсыз еңбегі мен қоғамға қосқан үлесінің нақты бағасы.

Кеш барысында аудандық мәлсихаттың төрағасы Қадыр Сәрсекбаев, аудандық білім бөлімі басшысы м.у.а. Асанхан Қошқаров, аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ерғали Базарбаев, аудандық кәсіподан комитетінің төрағасы Асылбек Ниязбековтер құттықтау сөзге шығып, ұстаздарға марапаттарын ұсынды. Сондай-ақ, іс-шарада ұстаздарға арналып аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен мектеп оқушыларының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Ән мен күйге, өлең мен биге толы әсерлі кеш ұстаздар қауымының мерекелік көңіл-күйін көтеріп, рухани серпіліс сыйлады.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында білім сапасы жыл сайын жақсарып келеді. Мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыру, оқу-ағарту саласын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде аудан ұстаздары облыстық, республикалық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары жетістіктерге жетіп жүр.

Ұстаз – ұлттың болашағын тәрбиелейтін тұлға. Осы ретте, бүгінгі мереке – қоғамдағы ең жауапты мамандық иелеріне деген құрметтің көрінісі болды.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ