Вторник, 14 октября, 2025
16.1 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтааралда Хайдар ауылына газ берілді

Мақтааралда Хайдар ауылына газ берілді

Мақтаарал ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде әрі қарқынды жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар аясында аудан халқын көгілдір отынмен қамту ісі басты басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Соның нәтижесінде бүгін Достық ауылдық округіне қарасты Хайдар ауылына табиғи газ берілді.

Осы қуанышты жаңалықты бөлісу мақсатында Хайдар ауылына аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков арнайы барып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

Хайдар – 2 мыңнан астам халқы бар, көпұлтты ауыл. Мұнда түрлі этностар өкілдері бірлікте, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ауылдың көгілдір отынға қосылуы тұрғындар үшін тек тұрмыстық жағынан ғана емес, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан да үлкен маңызға ие. Бұрын көмір жағып, отын жарып, күл шығару сияқты күнделікті машақаттарға тап болып келген тұрғындар енді табиғи газдың игілігін көретін болды.

“Газ тарту — жай ғана құбыр жүргізу емес. Бұл — өмір сапасының артуы, халықтың жайлылығы, қоршаған ортаның қорғалуы. Ауылдағы әрбір үйге жылу кіріп, ас үйде көгілдір отын жанып тұрса — бұл мемлекеттің, облыс пен аудан басшылығының қамқорлығының нәтижесі”, — деді, Бижан Анарбеков.

Мақтаарал ауданындағы газдандыру жұмыстары соңғы жылдары елеулі серпін алған. Бүгінде ауданға қарасты 68 елді мекеннің 54-і табиғи газ жүйесіне қосылған. Бұл — жалпы елді мекендердің 79 пайызын құрайды. Қалған ауылдарда газ жүйесінің құрылыс-монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2024 жылдың басынан бері Тұран, Қарақыр, Өнімкер, Арайлы, Ырысты, Достық, Жеңіс, Мырзатөбе және Гүлістан ауылдарына көгілдір отын жеткізілді. Жоспарланған жұмыстар толығымен жүзеге асқанда, 2026 жылдың соңына дейін Мақтаарал ауданы 100% табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Бұл еліміздің оңтүстігіндегі халқы тығыз орналасқан, әлеуметтік маңызы зор аймақтардың бірі үшін орасан зор жетістік болмақ.

Ауыл тұрғындары үшін газға қосылу – тек қолайлылықтың артуы емес, сонымен қатар денсаулық пен қауіпсіздіктің кепілі. Сондай-ақ, қатты отын бағасының тұрақсыздығы мен қыс мезгіліндегі көмір тапшылығы сияқты мәселелер де өз шешімін табады. Хайдар ауылындағы тұрғындар да осыны қуана айтуда. Олар газ жүйесінің келуімен бірге өмір сүру деңгейінің жаңа сатыға көтерілгенін жеткізді.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ