Кеңес Мансұрұлы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын 1969 жылы бітіріп, жолдамамен Шымкент облысы, бұрынғы Ленин ауданына келгеннен бері, бір мекемеде 42 жыл қызмет атқарды. Оның ішінде 2-дүркін 1970-1983 жылдар және 1991-1998 жылдар аралығында аудандық СЭС-тің бас дәрігері лауазымында аудандық санитарлық қызметті басқарды.
Негізгі жұмысынан бөлек қоғамдық жұмыстардыда ала жүрді, 1969-1991 жылдар ауылдық кеңестің депутаты, ауылдық кеңес және халықтық бақылау комитетінің төрағасы, 1983-1991 жылдары аудандық медицина бірлестігінің кәсіподақ комитетінің төрағасы болып, қоғамдық жұмыстар атқарды.
Еңбегі еленіп бірнеше рет құрмет және мақтау грамоталарымен, 2002 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, 2021жылы Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешені еңбеккерлері кәсіподағының «Еңбек даңқы» орденімен, 2022 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 1971 жылы бүкіл одақтық ауылдық санитарлық дәрігерлердің Кишиневта болған форумының делегаты, 2-рет гигиенистер сьезіне делегат болып қатысты.
Кеңес Мансұрұлы Ленин аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің бас дәрігері болып тұрған кезінде зертханалық бақылауғада аса көп көңіл бөлген басшы. 1978 жылы жаңа зертхана ғимаратын салуға атсалысып, алғаш рет ауданымызда санитарлық-гигиеналық ( химиялық ) зертхана ашылуын ұйымдастырып, оны қажетті мамандармен қамтамасыз еткен. Кеңес Мұсаев бірталай санитарлық қызметтің майталмандарының ұстазы. Жас мамандарға өз тәжірибесін үйретіп, ақыл-кеңес айтып отыратын. Жаны жайсаң, орны ерекше бөлек жан еді.
Оқығаны көп, терең білімді, айналасындағылардың жан дүниесін ұға білетін, әрдайым көмекке дайын тұратын асыл жан еді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейінде бос отырмай халық ортасында санитарлық ағарту жұмыстарына құлшына араласатын. Білікті де білімді маман Кеңес Мансұрұлы ағамыз 2023 жылы өмірден өтті.
Аудандық санитарлық қызметтің бірегей ардагарі – өз шәкірттерінің, санитарлық қызметтің мамандарының есінде мәңгілік сақталады. Еңбек жолы мен санитарлық қызметтің дамуына қосқан үлесі – бізге әрқашан үлгі болмақ!
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов