ҚР Президентінің “Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы” Жарлығына сәйкес, қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын және жауапкершілігі мен есептілігін арттыру мақсатында және бекітілген жоспар бойынша Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Жаңажол ауылдық округінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді.
Жиын барысында 2025 жылдың 7 айында ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде арнайы бейнеролик көрсетіліп, аудан басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында көтерілген тақырыптар туралы кеңінен түсіндірді.
Кездесуде Бақыт Насырханұлы Жаңажол ауылдық округінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жөнінде де ақпарат берді. Атап айтқанда, Нұрлы жол елді мекенінде 200 орындық мектеп пайдалануға берілсе, Арайлы елді мекені газға қосылған. Сондай-ақ, Өргебас, Нұрлы жол елді мекендерінде газ тарту құрылысы жүрді. Ал, Фердауси ауылында 1 қабатты, әрқайсысы 2 пәтерлі 48 әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.
Жиында аудан басшысы халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге де баса назар аударып, округтегі өзекті мәселелер және оның шешімі туралы айтып өтті.
Жиын соңында халыққа ашық микрофон ұсынылып, тұрғындар аудан әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Аудан басшысы мәселе көтерген және сұрақ қойған әрбір тұрғынға кезекпен жауап беріп, мәселесін жеке айтамын деген тұрғындарға жеке қабылдауын өткізді.
Қабылдауға құқық қорғау органдардың басшылары, тиісті сала басшылары және аудандық мәслихаттың депутаттары қатысып, мәселесін көтеріп келген әрбір тұрғынға қанағаттанарлық жауаптар берілді.









