Среда, 27 августа, 2025
27.5 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтааралда жаңа тігін фабрикасы іске қосылады

Мақтааралда жаңа тігін фабрикасы іске қосылады

Мақтаарал ауданының экономикасы мен өндірістік әлеуеті тағы бір маңызды қадаммен алға ілгерілеуде. Атакент кентінде орналасқан жаңа тігін фабрикасы — өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына серпін беретін ауқымды жобалардың бірі.

Аталған жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара іскерлік ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып отыр. «FANGAO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске қосып жатқан фабрика таяу уақытта толық қуатында жұмысын бастайтын болады.

Жобаның жалпы құны — 2 миллион АҚШ долларын құрайды. Заманауи соңғы технологиялармен жабдықталған өндіріс орны жылына 30 мың дана мектеп формасын тігуге қауқарлы. Бұл жоба тек өндіріс көлемімен ғана емес, әлеуметтік маңыздылығымен де ерекше — фабрикада 200 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған.

Күні кеше Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов жаңадан ашылған кәсіпорынға арнайы барып, өндіріс алаңы мен техникалық жабдықтарын аралап көрді.

Зауыт басшылығымен кездесу барысында әкім жұмысшыларды оқыту мәселесіне ерекше назар аударды. Өз кезегінде кәсіпорын өкілдері жұмысқа қабылданатын мамандарды бір ай ішінде толықтай тігіншілікке оқытып шығуға дайын екендерін, бұл мақсатта Қытайдан арнайы шеберлер шақыртылатынын да жеткізді.

Айта кетейік, жобаның жүзеге асырылуы — бұл тек Атакент кентінің ғана емес, жалпы Мақтаарал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететін маңызды бастама. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, жаңа технологияларды енгізу және экспорттық әлеуетті арттыру — жобаның басты бағыттарының бірі болып отыр.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ