Среда, 27 августа, 2025
27.5 C
Мырзакент
ҮйБасты жаңалықМақтааралда өткен тамыз кеңесінде адал азамат тәрбиелеу мәселесі қаралды

Мақтааралда өткен тамыз кеңесінде адал азамат тәрбиелеу мәселесі қаралды

1 қыркүйек – Білім күні мерекесі және жаңа оқу жылының басталуы аясында Мақтаарал ауданында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.

Іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов, облыстық білім беруді дамыту орталығы директорының орынбасары Ақнұр Сейдалиева, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асанхан Қошқаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Оңғаров және барша білім беру саласының ардагерлері, мектеп директорлары мен ұстаздар қауымы қатысты.

Ең бірінші сөз алған аудан басшысы барша қонақтарды қос мерекемен құттықтап, ауданымызда осы саланың дамуына жасалып жатқан жағдайларды, салынып жатқан мектептер мен жалпы білім инфрақұрылымы туралы кеңінен баяндады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің білім беру саласында жыл сайын оң өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысы орта білім саласын «табысты ұлт болудың маңызды шарты» деп бағалады. Осы орайда, Жолдауда көтерілген «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ауданымызда 1500 орындық және 600 орындық 2 мектеп бой көтерді. Оның біреуін бүгін пайдалануға бердік, оған бәріңіз куәсіздар. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылында тағы 200 орындық 2 мектеп ел игілігіне берілетін болады. Сондай-ақ, 4 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз» – деді, Бақыт Насырханұлы.

Аудандық білім бөлімінің басшысы А.Қошқаров ауданда 106 мектепке дейінгі ұйым және 60 орта білім беру ұйымы бар екенін атап өтті. 2025 жылы оқу бітірген түлектердің 155-і «Алтын белгі» төсбелгісінің, 121 оқушы «Үздік аттестаттың» иегері атанғанын айтты. Жаңа оқу жылында 29 мыңнан аса оқушы білім алатын болса, оларға 4145 педагог білім беретінін хабарлады. Сондай-ақ, бөлім басшысы облыстық, республикалық зияткерлік және спорттық жарыстарда оқушылар мен мұғалімдер тарапынан жеткен жетістіктер туралы да кеңінен ақпарат берді.

«Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында, оның ішінде жекеменшік мектептерде де, тәрбие жұмысы бірыңғай «Адал азамат» бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Бағдарлама Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» идеологиялық тұжырымдамасына негізделген. Елімізде бірінші рет бірыңғай тәрбие стандарттары жекеменшік мектептер үшін де міндетті болып, барлық оқушыларға тең жағдай жасайды және құндылықтар мен жастар тәрбиесіне бірыңғай көзқарасты қамтамасыз етеді» – деді, А.Қошқаров.

Конференцияда облыстық білім беруді дамыту орталығы директорының орынбасары А.Сейдалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оңғаров және мектеп басшылары мен мұғалімдер сөзге шығып, оқушыларға тәрбие беру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісіп, өздерінің ұсыныстарын жеткізді.

Жиын барысында белсенді еңбегімен көзге түскен бір топ ұстаздар мен мектеп директорлары арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ