Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен аудандағы білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығына байланысты арнайы жұмыс жиыны өтті.
Басқосуда биыл күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептердің құрылысын уақытында аяқтау мәселесі кеңінен қаралды.
Жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Сәрсекбаев, аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрғали Елшібаев, аудандық мансап орталығының директоры Оразбек Жетібаев, сондай-ақ бірқатар мектеп директорлары мен жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың басшылары қатысты.
Күн тәртібінде қаралған басты мәселе – мектептердің күрделі жөндеуін жаңа 2025–2026 оқу жылы басталғанға дейін толық аяқтау. Аудан әкімі Бақыт Асанов бұл бағытта уақыт оздыруға жол берілмейтінін, білім ошақтарының сапалы әрі қауіпсіз түрде оқушыларды қабылдауы – ең маңызды міндет екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда бірнеше мектепте құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Алайда кейбір нысандарда жұмыс қарқыны төмен. Осы ретте мердігер мекемелерге нақты тапсырма беріліп отыр – жұмысты күшейтіп, қосымша жұмыс күшімен қамтамасыз ету қажет. Бұл бағытта ауданның жұмыссыз азаматтарын уақытша жұмысқа тарту – тиімді шешімнің бірі» – деді, аудан басшысы.
Жиында Мақтаарал ауданындағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне және Мансап орталығына құрылыс жұмыстарын қолдау мақсатында жұмыссыз жүрген тұрғындар арасынан білікті мамандарды тарту бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Бұл шара, бір жағынан, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға, екінші жағынан, жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуына оң ықпал етпек.
Мектеп директорлары мен мердігерлер тарапынан да бірқатар ұсыныстар айтылып, кездесіп отырған қиындықтар бойынша тиісті шаралар қарастырылды. Аудан әкімі жауапты тұлғаларға күнделікті бақылау жүргізіп, жұмыс кестесінен кешіккен мердігерлерге заң аясында қатаң шара қолданылатынын ескертті.
Жиын соңында Бақыт Асанов барлық қатысушыларды жұмыла жұмыс істеуге шақырып, әрбір мектептің дайындық барысы жеке-жеке бақылауда болатынын мәлімдеді.






