Елімізде бастау алған “Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында бүгін Мақтаарал ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, саябақтар мен сверлер, гүлзарлар жаппай тазаланды.
Табиғатты қорғауға, елді мекендерді көркейту мен тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған сенбілікке аудан тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар ұйымдары мен еріктілер белсене қатысты.
Сенбілікке жалпы саны 1679 адам жұмылдырылып, 15 дана арнайы техника тартылды. Қатысушылар аудан аумағындағы саябақтар мен скверлерді, аллеяларды және көшелерді тазартуға кірісіп, қоршаған ортаны күл-қоқыстан арылтуға үлес қосты. Атап айтқанда, 38,2 шақырым автокөлік жолдары мен аяқжолдар тазаланып, 17,4 тонна қатты тұрмыстық қалдық арнайы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына шығарылды.
Шара барысында тек тазалық жұмыстары ғана емес, сонымен қатар экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған қосымша жұмыстар да атқарылды. Аудан аумағындағы ағаш көшеттерін суару жұмыстары ұйымдастырылып, жасыл желекті сақтау мен көбейтуге ерекше көңіл бөлінді.
Мақтаарал аудандық әкімдігінің өкілдері сенбіліктің маңыздылығын атап өтіп, тұрғындарды табиғатты қорғауға белсенді араласуға шақырды. “Таза Қазақстан” акциясы аясында мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Айта кетейік, аталған экологиялық бастама – қоршаған ортаны сақтау мен халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мақтаарал жұртшылығы бұл бастаманы қолдай отырып, туған жердің тазалығына жанашырлық танытты.












