Суббота, 19 июля, 2025
43.4 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтааралда "Мырзашөл оқырмандары" сайысы өтті

Мақтааралда “Мырзашөл оқырмандары” сайысы өтті

Бүгін Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында өткізілген «Мырзашөл оқырмандары» сайысының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Шараның басты мақсаты – жастар мен оқырман қауымды әділдік, адалдық, шыншылдық сынды рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және қоғамда заңдылық пен тәртіпті нығайту.

Іс-шараға Мақтаарал және Жетісай аудандарының әкімдері, аудан прокурорлары мен құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, жергілікті белсенді жастар мен кітапсүйер қауым қатысты.

Биылғы оқырмандар сайысына Қазақстанның көрнекті жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың шынайы тұлғалық бейне мен тарихи деректерге негізделген әйгілі «Ақиқат пен аңыз» романы таңдалды. Бұл туынды – Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының болмысын шынайы суреттейтін, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық рухани мұра.

Жиынды ашып берген аудан әкімі Бақыт Асанов: «Романдағы Бауыржан Момышұлы бейнесі – өз ісіне адал, ұлтқа жанашыр, тәртіп пен тәрбиеге өте берік қайраткердің көркем көрінісі. Оның өмірлік ұстанымы – ұлтқа қызмет ету, шындық үшін күресу – біз қолға алып отырған “Заң мен тәртіп” қағидатымен толық үндес. Мұндай бейнелер жастарға бағыт-бағдар беріп, ел болашағы үшін жауапкершілікті сезіндіреді. Бүгінгі байқауға қатысушы жастарымыз тек көркем туындыны оқып қана қоймай, ондағы идеяны саралап, оны өмірлік ұстанымға айналдыруды мақсат етіп отыр. Бұл — тек әдеби шара емес, бұл — санаға сәуле себетін, азаматтық ұстанымды қалыптастыратын игі қадам» – деді.

Сайыс туралы ақпарат бір ай бұрын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен жарияланып, барлық оқырмандарға бірдей мүмкіндік берілді. Қатысушылар белгіленген уақыт ішінде романды оқып, дайындалып, бүгінгі марапаттау күні арнайы тест арқылы білімін сынға салды.

Тестілеу барысында қатысушылар романның мазмұнына, кейіпкерлердің мінез-құлқына, тарихи және тәрбиелік маңызға қатысты түрлі сұрақтарға жауап берді. Қазылар алқасы қатысушылардың білім тереңдігін, шығарманы түсіну қабілетін және логикалық ойлау деңгейін ескеріп, нәтижелерін жариялады.

Сайыста белсенділік танытқан оқырмандарға арнайы алғыс хаттар табысталды. Ал үшінші, екінші және бірінші орын иегерлері бағалы сыйлықтарға ие болды. Ең жоғары ұпай жинап, бас жүлдеге ие болған оқырманға – Дубай қаласына екі адамға арналған жолдама тарту етілді. Бұл жеңіс тек жеке табыс емес, кітап оқу мәдениетін қолдаудың да көрінісі болды.

Салтанатты шарада сөз алған қонақтар бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, әдебиетті құқықтық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру құралы ретінде қолдану – заманауи әрі тиімді тәсіл екенін атап өтті. Сонымен қатар, мұндай игі шаралар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіліп, жас буынды тәрбиелеу ісінде жалғасын табатыны жеткізілді.

Айта кетейік, «Мырзашөл оқырмандары» сайысы – тек әдеби байқау ғана емес, ұрпақ санасына заң мен тәртіпті, адалдық пен әділдікті сіңірудің ерекше алаңы. Осындай жобалар арқылы рухани жаңғырудың нақты көріністері қалыптасып, қоғам дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ