Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов жұмыс сапарымен Атакент кентінде болып, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасының маңында салынуы жоспарланған “Орталық Азия” халықаралық өндірістік кооперация орталығы (ХӨКО) құрылысының алдағы жоспарларымен танысты.
Сапар барысында аудан басшысы аталмыш нысанға бөлінген жер телімінің аумағын аралап шығып, оның қазіргі жағдайы мен инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу мәселелерін тиісті сала мамандарымен жан-жақты талқылады.
Аудан әкімі өз сөзінде аталған орталықтың екі ел арасындағы өндірістік, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы рөліне ерекше тоқталып, бұл жобаның стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық кооперация орталығының іске қосылуы шекаралық аймақтардағы экономикалық белсенділікті арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына және экспорттық әлеуеттің өсуіне мүмкіндік береді.
Бақыт Насырханұлы жауапты мамандарға нысан құрылысына қажетті инфрақұрылым — жол, су, электр энергиясы, газ, байланыс желілері және басқа да коммуникациялармен қамтамасыз етуді жеделдетуді тапсырды. Себебі бұл факторлар ХӨКО-ны уақтылы әрі тиімді іске қосуда шешуші рөл атқарады.
Сапар аясында аудан әкімі Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Игілік елдімекенінде орналасқан «Агрогруз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асып жатқан бұл инвестициялық жоба бүгінде құрылыстың аяқталу кезеңінде тұр. Нысан қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген, заманауи технологиялармен жабдықталған.
150 миллион теңге көлеміндегі инвестиция тартылған бұл жоба шетел нарығына бақша өнімдерін экспорттауға бағытталған. Жоспар бойынша серіктестік жылына 6 мың тоннаға дейін қауын-қарбыз және өзге де бақша өнімдерін экспортқа шығаруға қауқарлы болмақ. Бұл – аймақ үшін ғана емес, республика үшін де маңызды көрсеткіш.
Сапар барысында Бақыт Асанов жергілікті шаруалармен де жүздесіп, олардың тыныс-тіршілігімен, нарықтағы жағдаймен танысты. Кездесуде ауыл еңбеккерлері өздерінің өнімдерін нарыққа шығару жолындағы жетістіктері мен кедергілері туралы айтып, аудан басшысымен ашық пікір алмасты.
Бақыт Насырханұлы шаруалардың ерен еңбегін жоғары бағалап, жергілікті билік тарапынан қолдау жалғаса беретінін жеткізді. Әсіресе, өнімді сақтайтын қоймалардың, логистикалық орталықтардың санын көбейту, экспортқа шығару ісін жүйелеу бағытында тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.









