Аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов А.Қалыбеков ауылдық округіне барды. Ол Үлгілі елді мекенінде орналасқан мәдениет үйі ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Аталған нысан — ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік-мәдени орталықтардың бірі болып табылады. Күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың көктем айында басталған. Жоба аясында ғимараттың шатыры, терезелері мен есіктері толық ауыстырылып, ішкі әрлеу жұмыстары, жылыту жүйесі мен электр желілері жаңартылып жатыр.
Серік Тұрсынқұлов құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімінде аяқталуына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше мән беруді, пайдаланылатын құрылыс материалдарының стандартқа сай болуын, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне баса назар аударуды талап етті. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары жауапты сала басшыларына жөндеу жұмыстарының уақытында аяқталуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, аталған мәдениет үйінің қайта жаңартылуы ауыл тұрғындарына мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға, жастар мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жаңа мүмкіндіктер береді.



