2025 жылғы 5-мамыр күні Мақтаарал ауданы, Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас ауылындағы Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай патриот жастарды тәрбиелеген ұлағатты ұстаз Жолақаев Бағлан Қарсыбайұлын еске алуға арналған аудандық әскери-патриоттық сайыс өтті.
Шараға ауданға қарасты жалпы білім беретін мектептердің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушылары-ұйымдастырушылары белсене қатысты. Бұл сайыс тек жарыс қана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, кәсіби шеберлікті арттыру, әскери-патриоттық тәрбие саласындағы тың идеялармен бөлісетін алаң болды.
Іс-шараның басты мақсаты – білім беру ұйымдарында әскери-патриоттық тәрбиенің сапасын арттыру, алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары арасында кәсіби бәсекелестік пен ынтымақтастықты қалыптастыру, жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті дамытуға бағытталған оқыту үрдісінің тиімділігін арттыру. Сонымен қатар, заманауи талаптарға сай әскери жетекшілерді анықтап, олардың үздік тәжірибесін басқа әріптестеріне үлгі ету көзделді.
Сайыс барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Атап айтқанда, АК-47 автоматты қаруын толық емес бөлшектеу және жинақтау – бұл тапсырма әскери жетекшілердің практикалық машықтарын, ептілігі мен қарумен жұмыс істеу дағдыларын көрсетуге мүмкіндік берді. Уақыт пен дәлдік басты бағалау өлшемдері болды. Сондай-ақ, пневматикалық мылтықпен нысанаға дәл ату – мергендік қабілеттер сыналған бұл кезеңде қатысушылардың тыныс, көру және дәл есептеу машығы сыналды.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері Ж.Нұрымбетов, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Ниязов және білікті ұстаздар мен кадрлардан әділ қазылар алқасы құрамы жасақталып, олар қатысушылардың техникалық дайындығын, сапалы орындауын, қауіпсіздік талаптарын сақтауы мен командалық рухын жоғары бағалады.
Сайыс соңында озық нәтиже көрсеткен қатысушылар мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Аудандық кәсіподақ ұйымы сыйлықтарға демеушілік жасады. Жеңімпаз атанған әскери жетекшілердің тәжірибелері аудан мектептерінде үлгі ретінде насихатталатын болды. Сонымен қатар, жарыс аясында Жолақаев Бағлан Қарсыбайұлының өмір жолы мен еңбегі туралы арнайы бұрыш ұйымдастырылып, видео ролик арқылы қатысушылар мен оқушыларға таныстырылды.
Қ.Аманжолов жалпы орта мектебінің директоры Гүлбану Жұмабекова мен осы мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы Берікбай Донаевтың ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шара – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің, елін сүйген азаматтарды дәріптеудің нақты көрінісі. Осындай игі бастамалар арқылы біз болашақ ұрпақтың бойында отаншылдық, ерлік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыра аламыз.




