Жұма, Қараша 22, 2024
8.5 C
Мырзакент
ҮйЖАҢАЛЫҚТАРПрокуратура ғимараты пайдалануға берілді

Прокуратура ғимараты пайдалануға берілді

Мақтаарал ауданында прокуратура ғимараты пайдалануға берілді. Мырзакенттің орталық алаңында орналасқан сәулетті нысанның ашылуына Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұралхан Көшеров, аудан әкімі Бақыт Асанов және құқық қорғау саласының басшылары мен өкілдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, жалпы зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шарада облыстың прокуроры Мұрат Тілеубердиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұралхан Көшеров және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Оңғарбаев сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті аудан орталығында бой көтерген жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

«Прокуратура – мемлекеттің жоғары қадағалау органы болғандықтан, заң үстемдігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың құқығын, жалпы қолданыстағы заңдардың орындалуын қадағалау – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан, прокуратура қызметкерлеріне жағдай жасап, осындай үлкен ғимарат салып беруге тікелей атсалысқаны үшін аудан әкімі Бақыт Асановқа алғысымды білдіремін!» – деген Мұрат Әжінұрұлы аудан әкіміне алғыс хатын табыстады.

Мұнан соң қонақтар мен жиынға қатысушылар нысанның лентасын қиып, ішін аралап көрді. Ғимаратта прокуратура қызметкерлері үшін барша жағдай жасалған. Атап айтқанда, толық құрал-жабдықтармен қамтылған үлкен және кіші мәжіліс залдары, қызметкерлер үшін жеке кабинеттер, тіпті спорт залы мен санузелдері де бар.

Облыс прокуроры мен жиынға қатысушылар нысанның сапасына жоғары баға беріп, ғимарат ауласында көшет отырғызу рәсіміне қатысты. Нысанды салуға ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тапсырма берген. Конкурстық құны 239 миллион теңгеге мердігер – «Бархан 5» ЖШС-і 2 жылдың ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтады.

Айта кетейік, 5 жыл бұрын іріленген Мақтаарал ауданы екіге бөлініп, Мырзакент кенті жаңа ауданның орталығы атанды. Сол кезде Жетісайдан ағыла көшкен мемлекеттік мекемелерге, құқық қорғау органдарына ғимарат табылмай арендалық мақсаттағы ғимараттарға жайғастырылса, бірнеше мекемелер Атакент кентіне барып орналасуға мәжбүр болды. Өйткені, Мырзакенттің аумағында орналасқан ғимараттардың барлығы дерлік ескірген болатын және басым бөлігі апатты жағдайда тұр еді.

Аудан басшылығы ауданның даму концепциясын әзірлегенде ең бірінші құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелерге жаңа ғимарат салуды жоспарлаған еді. Осылайша 5 жылдың ішінде Мырзакентте үлкен құрылыс нысандары бой көтерді. Оның ішінде аудан әкімі аппаратының ғимараты, аудандық мәслихат аппаратының ғимараты, дербес бөлімдерге арналған әкімшілік ғимараты ел игілігіне берілді.

Міне, бүгін аудандық прокуратура ғимаратының да құрылысы аяқталып, жаңа нысан ашылып отыр.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ