Суббота, 15 марта, 2025
19.1 C
Мырзакент
ҮйА.Қалыбеков а/оӘз-Наурыз мейрамы қарсаңында мақтааралдықтар 10 мың дана ағаш көшеттерін отырғызды

Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында мақтааралдықтар 10 мың дана ағаш көшеттерін отырғызды

Табиғат – адам баласының ең басты байлығы. Оның тазалығы мен сұлулығы болашақ ұрпаққа аманат етілген мол мұра. Осы орайда, көшет отырғызу, қоршаған ортаны көгалдандыру ісі – көктемнің алғашқы күндері өте маңызға ие. Мұндай жаппай тал егу шарасына әрбір адам белсенді арласуы керек.

Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында Мақтаарал ауданында жаппай сенбілік өтіп, жерлестеріміз 10 мың дана ағаш көшеттерін отырғызды.

Аудан әкімі Бақыт Асанов бастаған іс-шараға барлық қоғамдық ұйымдардың басшылары мен мүшелері, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпкерлік нысандардың ұжымдары және аудан тұрғындары қатысты.

«Көшет отырғызу – бұл тек табиғатқа пайда әкеліп қана қоймай, сонымен қатар экологиялық жағдайды жақсартуға, климаттық өзгерістермен күресуге бағытталған маңызды шара. Тал егу арқылы біз ауадағы көмірқышқыл газын азайтып, оттегіні көбейтеміз, осының нәтижесінде таза ауада дем алуымыз жеңілдейді. Сондай-ақ, ағаштар топырақты эрозиядан қорғап, су айналымын реттеп, табиғи апаттардың алдын алады» — деді, Бақыт Насырханұлы.

Сенбілік барысында көшет отырғызудан бөлек, ауданымыздың кіре беріс аймағын, республикалық, облыстық маңызы бар автожолдардың бойлары мен елдімекендердің орталық көшелері, әлеуметтік нысандардың айналасы, арық-атыздар мен аяқ жолдар, саябақтар мен гүлзарлар күл-қоқыстан тазаланып, тазалық жанашырлары ортақ мекеніміздің көркеюіне өз үлестерін қосты. Аудан басшысының өзі сенбілік барысын арнайы қадағалап, тазалық және көшет отырғызу шарасына тұрғындарды жаппай тарту керектігін атап өтті.

«Көшет отырғызу жұмыстарын тұрғындар арасында барынша кеңінен насихаттау қажет. Әр адам, ұжым мен ұйымдар өздерінің аумақтарында көгалдандыру жұмыстарын атқаруы тиіс. Бұл үрдіс аудан аумағының барлық жерінде ұйымдастырылуы қажет. Осылайша, экологиялық мәдениет қалыптасып, ұрпақтарымызға табиғатқа деген сүйіспеншілікті, оны қорғау қажеттігін ұқтыра аламыз. Әрқайсымыз осы ісіміз арқылы туған жерімізді көгалдандырып, жасыл желекке айналуына мұрындық боламыз!» — деді, аудан басшысы.

Айта кетейік, жалпы іс-шараға 8 дана техника бірлігі мен 1500-ге жуық адам қатысты. 15 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылып, бұл қоқыстар аудан аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигонға төгілді.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ