Среда, 5 февраля, 2025
10.1 C
Мырзакент
ҮйЖАҢАЛЫҚТАРОқушылар арасында тамақтан уланудың алдын алу

Оқушылар арасында тамақтан уланудың алдын алу

Түркістан облысында 500 мыңнан астам оқушылардың білім алуымен 1068 мектеп және 21 мектеп-интернат ұйымдары бар. Оның 1034-де мектеп асхана, буфеттері бар. Мектеп оқушыларын Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі қолға алынған. Оның ішінде 1-4 сынып оқушылары күнделікті бір реттік ыстық тамақпен қамтылған.

Мектеп асхана, буфеттері саниитариялық-эпидемиологиялық қағида талаптарына сай жұмыс жасауы тиіс. Ол білім алушылар арасында тағамнан уланудың алдын алудың бірден бір жолы.

Тағамнан улану — микроорганизмдермен ластанған тағамдарды тұтынумен байланысты аурулар. Оның алғашқы белгілері қауіпті тағамдарды қабылдағаннан кейін бірнеше сағаттан кейін немесе бірнеше күннен кейін пайда болуы мүмкін. Олар: жүрек айну, құсу, дене температурасының жоғарылауы, іштің ауыруы, өтуі, әлсіздік белгілері.

Оқушылар арасында тағамнан улану фактілерінің тіркелуін болдырмау мақсатында мектеп асханасын жалға алушы кәсіпкерлер және мектеп асхана қызметкерлері санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау қажет, олардың негізгілері:

— аспазшылар жеке бас гигиенасы ережелерін сақтауға міндетті;

— аспазшылардың жеке медициналық кітапшалары, арнайы киімдері (халат, қалпақ, бірреттік қолғап-2 данадан) болуы керек. Терінің іріңді аурулары, жаралары бар болған жағдайда жұмысқа жіберілмеуі қажет.

— асханада тыйым салынған тамақ өнімдерін өндіруге және сатуға жол берілмейді (қуырылған, шала пісірілген жұмыртқа, күрделі (құрамы төрт компоненттен көп) қаймақ пен майонезбен араласқан салаттар, пастерленбеген сүт, сүзбе және қаймақ, суда жүзетін құстардың жұмыртқасы мен еті, кремі бар кондитерлік өнімдер, фаст-фудтар, гамбургерлер, ход-догтар, пиццалар, наггетстер).

— тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімі өтпеген, тауар көршілестігі, температуралық режимі қатаң сақталуы қажет;

— әрбір азық-түліктің қауіпсіздігін сақтайтын құжаттары болуы тиіс (сертификаттар);

— күн сайын аспазшы ас блогында нақты мәзірге сәйкес тәуліктік сынамаларды қалдыруы керек;

Жоғарыда көрсетілген талаптар сақталып, күнделікті бекітілген ас мәзірімен тамақтану ұйымдастырылса, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету қауіпсіз болып табылады.

Жалпы жас ерекшелігіне қарай тамақтың мөлшері кестеге сай, күн сайын тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, бидай наны, көкөністер мен қант қосылуымен берілуі қажет. Бір рет тамақтануды ұйымдастыру кезінде рационға етті және сүтті қосу, балық және құс етін аптасына 1 реттен сиретпей қосылуы қажет.

Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығының мықты болуы кез-келген қоғам үшін маңызды. Бала денсаулығы — ұлт денсаулығы. Дені сау ұрпақ ұлтымыздың болашағы!

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Б.Елемесов

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ