Аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында баяндама жасаған ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрғали Елшібаев 2024 жылы аудандағы кедейлік деңгейі 6%-ды құрағанын атап өтті.
Былтыр атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 9082 адамнан асырмау жоспары бекітілген болса, іс-жүзінде нақты 7 298 адамға атаулы әлеуметтік көмек түрі тағайындалған екен. Осылайша кедейлік деңгейі өткен жылы 6%-ды құрапты. Ал, биыл Мақтаарал ауданы бойынша кедейлік деңгейін 4%-ға дейін түсіру жоспарланып отыр.
«Биыл атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа модельі енгізілуі жағдайын ескере отырып, бірқатар күрделі міндеттерді шешуіміз керек. Жаңа жоба бойынша отбасының шығыстарын да есептеп тағайындау әдісі, яғни банктердегі аударымдары, сатып алынған заттары мен мүліктері, отбасындағы кез-келген материалдық қозғалыстары есепке алынатын болады. Учаскелік комиссияның қорытындылары FSN «SOCIAL» мобильдік қосымшасында электронды түрде рәсімделуде. Осы орайда, аудандағы 11 — учаскелік комиссияларды планшетпен қамтамасыз ету міндеті жүктелген» — деді, Н.Елшібаев.
Аппарат жиынында «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы жобасы бойынша аудан аумағындағы жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі де қаралды.
Ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы Өсер Мырзамдамов баяндама жасап, аудан аумағынан өтетін темір жол бөлігінің ұзындығы 15,35 шақырымды құрайтынын атап өтті.
«Темір жол желісіне дайындаған жерге орналастыру жобасына сәйкес, аудан аумағындағы 89 жеке және заңды тұлғалардың жер телімін мемлекет мұқтаждығына алу жоспарланған. Оның ішінде 35 шаруа қожалықтың егістік жерлері, 37 жеке тұлғаның тұрғын үйі, 12 заңды тұлғаның жер телімі және 5 мемлекеттік мекеменің балансындағы жер телімдері бар. Қазіргі таңда жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы Түркістан облысы әкімдігінің қаулысы қабылданып, жер учаскелері иелеріне хабарламалар жолданған» — деді, Ө.Мырзамдамов. Сондай-ақ, жер телімдерін қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы бөлім басшысы толық баяндап берді.
Айта кетейік, аппарат жиынанда өзге де өзекті мәселелер қаралып, шешімдері бойынша аудан әкімі тарапынан тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берілді.