Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Мақтаарал ауданындағы облыстық маңызы бар жол жөндеуден өтпек. Нақтырақ айтқанда, жобалаушы мекеме «Жетісу жол» ЖШС тарапынан КХ-76 «Атакент – Береке – М-39» автомобиль жолының 0-17,4 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Нысанның жөндеу жұмыстарын іске асыру 2025-2026 жылдарға жоспарланып отыр. Жобаға сәйкес, жол бойындағы елді мекендер ішіне жарықтандыру шамдары, аялдамалар орнатылып, аяқжолдар салынбақ.
Айта кетейік, биыл аудандық маңызы бар жолдар бойынша 19 нысан немесе 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылады.
Айта кетейік, бүгін Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты», «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы филиалы, Шымкент қаласының салалық басқармасы, облысымыздағы жол салушы мердігер, авторлық, техникалық қадағалаушы мекемелері және аудан, қала әкімдіктерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті.
Мәжіліс барысында автомобиль жолдары саласы бойынша өзекті мәселелер ортаға салынды. Нақтырақ айтқанда, жол жөндеу жұмыстарына жаңа технологияларды қолдану, сметалық құжаттамаларды әзірлеу кезінде нормативтік базаға енгізіліп жатқан өзгерістер және карьерлердің бірыңғай электрондық базасын қалыптастыру, авторлық, техникалық қадағалаушы мекемелер тарапынан туындайтын сұрақтар және облыстағы жол мамандарын қайта даярлаудан өткізу бойынша нақты мәліметтер берілді.
Жиын барысында «ҚазжолҒЗИ» Президенті Алибаева Арман және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Бас директоры Айтбаев Болатбек баяндама жасап, өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ мердігер мекемелердің және аудан, қала әкімдіктерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.