Сейсенбі, Желтоқсан 3, 2024
6 C
Мырзакент
ҮйMAKTAARAL TVМақтааралда "Нашақорлыққа жол жоқ!" тақырыбында форум өтті

Мақтааралда «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбында форум өтті

Нашақорлық – қазіргі қоғамның қасіреті және ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл – болашағымызға балта шабатын қауіпті індет. Қазіргі таңда бұндай індетпен қоғам болып күресіп, жастар мен балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру – өте өзекті іс болып тұр. Осыған байланысты күні кеше Мақтаарал ауданында «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбында форум өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – жастарды нашақорлықтың зияны туралы хабардар ету, олардың бойында салауатты өмір салтына деген ынтаны күшейту және бұл дерттің алдын алудың жолдарын қарастыру.

Жиынға аудан әкімі Бақыт Асанов, аудан прокуроры Айтболат Досаев, ауданның полиция бөлімінің бастығы Ердәулет Амантаев және кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, барлық қоғамдық ұйымдардың басшылары, учаскелік полициялар, мектептердің тәрбие жөніндегі орынбасарлары және жастар мен қоғам белсенділері қатысты.

Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Бақыт Асанов бұл мәселе тек Қазақстанды ғана емес әлем елдерін алаңдатып отырғанын атап өтті.

«Есірткі жастарымыздың білім алу, жұмыс істеу қабілеті мен еңбекке деген құштарлығын бәсеңдетеді. Ол уақыт өткен сайын тәуелділікке әкеліп соқтырады. Ал, тәуелділіктің соңы айтпаса да белгілі. Сондықтан, өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден қоғам, ел болып арылуымыз керек. Бүгінгі форумда айтылатын пікірлер мен ұсыныстардың барлығы болашақта есірткіге қарсы күресті күшейтуге, жастардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға ықпал етеді деп сенемін. Сондықтан да, есірткіге «жоқ» деп айтайық және салауатты өмір салтын қолдайық!» – деді, Бақыт Насырханұлы.

Жиын барысында аудан прокуроры А.Досаев пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Е.Амантаев та сөзге шықты. Сонымен қатар, аудандық соттың судясы Құнанбай Мұсаев, «Мырзакент» аудандық ауруханасының дәрігер наркологы Асел Досанова, облыстық дін мәселелерді зерттеу орталығының теологы Әбділкәрім Болат, «Мырзақұл ата» мешітінің имамы Уалихан Шындуалиев нашақорлық туралы өз ой-пікірлерін айтты.

Аудандық мәдениет үйінің «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты сахналық көрінісі көптің көкейіне жетіп, нашақорлықтың соңы адам тағдырының, отбасының ойрандалуына алып баратыны керемет көрсетілді. Аудандық полиция бөлімі тарапынан дайындалған видеоролик те көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ, іс-шарада патриоттық тақырыпта әндер айтылды.

Айта кетейік, мемлекетіміз нашақорлыққа қарсы күресте үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Заңнамалық тұрғыдан қатаң шаралар қабылданып, құқық қорғау органдары есірткі саудасына тосқауыл қоюда үлкен күш салуда. Мақтаарал ауданында да нашақорлыққа қарсы көптеген спорттық, мәдени және ақпараттық іс-шаралар өтуде.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ