Бейсенбі, Қараша 21, 2024
12 C
Мырзакент
ҮйБасты жаңалықМемлекет басшысы жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді

Президенттің Түркістан облысына жұмыс сапары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды.

Мемлекет басшысы ақын, ғұлама, бүкіл түркі дүниесіне ортақ рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің және кесене аумағында жерленген басқа да тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген кесенеде жүргізіліп жатқан кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнындағы білім беру процесінің ерекшелігі мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылды.

Лицейде жаратылыстану-математика бағытына басымдық беріледі. Атап айтқанда, физика, химия, биология, математика және информатика пәндері бойынша сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Ұстаздар оқушылардың академиялық жетістіктеріне ден қояды. Нәтижесінде олар республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында және спорт сайыстарында үздік атанып жүр.

Мемлекет басшысы Түркістан қаласындағы Мұз сарайын аралап көрді.

Заманауи үлгіде жабдықталған кешенде шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сияқты қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға қажетті барлық жағдай жасалған.

Нысанда Италия, Канада, Германия, Финляндия елдерінде шығарылған қондырғылар орнатылған. Арнайы технология алаңның пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мұз айдынында бір мезгілде бірнеше спорт түрімен шұғылдануға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұз сарайын аралап көріп, балалардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ бапкерлермен және спортшылармен кездесті.

Президент отандық спортшыларды әрдайым қолдайтынын, жетістіктерін бақылап отыратынын айтып, оларға сәттілік тіледі.

Жергілікті «Turan Tigers» хоккей клубының спортшылары Мемлекет басшысына команданың жейдесін сыйға тартты.

Жалпы, Түркістанды әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай облыс орталығында «Түркістан-арена» стадионы, көпбейінді «Олимпик» орталығы және Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, «Тұран» футбол академиясының ғимараты бой көтерген. Сонымен қатар 7 теннис корты салынып, жалпы ұзындығы 51 шақырым веложол төселген.

Президент Түркістан облысының жұртшылығымен кездесті.

Мемлекет басшысы Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген «Достық үйінің» жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен салынған кешенде «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, сондай-ақ аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері орналасқан.

Мемлекет басшысы ғимаратты аралап көріп, жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен жүздесті.

– Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақсы білесіздер. Түркістан облысында 50 ұлт өкілі тұрады. Ауызбіршілікті сақтау және елімізді дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге ризашылық білдіремін. Қазақстанда ешқашан ешқандай фобия болған емес, болмайды да. Біз – бірлігі мығым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз. Ең бастысы – осы. Сондықтан ынтымағы жарасқан қоғамның іргесін әлі де бекіте түсеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Түркістанның көрікті, таза қалаға айналғанына назар аударды. Бұл ретте Түркістанға облыс мәртебесін берген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтті.

Кездесуде Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов Түркістанның облысқа айналған сәтінен бері орын алған оң өзгерістерге тоқталып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыс айтты.

Президент Түркістан облысының «SPK TURKISTAN» өндірістік паркіндегі кәсіпорындармен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркін аралап көрді.

Өндірістік парктің құрылысы 100 гектар жерге салынады. Құрылыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфрақұрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бастапқыда жалпы құны 96,9 миллиард теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде инвестиция көлемі 36,5 миллиард теңге болатын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, көкөніс сақтау қоймасымен танысты. Мұнда 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтап, Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Жобаны «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «М-Адал» компаниясы жүзеге асырды. Алдағы уақытта аймақтағы Леңгір, Жетісай, Шардара, Сарығаш секілді ірі елді мекендерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Сарыағаш қаласынан 2 мың тонналық қойма салу жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» серіктестігінің өндіріс цехтары таныстырылды. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Келесі кезекте тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын екі зауыт ашуды көздеп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл 2030 жылға дейін облыста 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы білім беру мекемелеріне арналған жиһаз шығаратын «Аqniet Holding» өнімдерін көрді. Соңғы үш жылда компания 50-ге жуық мектепті жабдықтаған. Мұнда «Жайлы мектеп» стандартына сай жиһаздар, «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп, медицина мекемелеріне арналған жабдықтар жасалады.

Бұдан кейін Президент тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl suyq Qazaqstan» кәсіпорнының өндіріс алаңына барды. Өнімдерін Орталық Азия елдеріне импорттап келе жатқан болгариялық UBC Group холдингі Түркістан облысында екі ірі өндіріс желісін ашу жөнінде шешім қабылдаған. Инвестор жобаның бірінші кезеңіне 5 миллион еуро көлемінде қаржы құяды. «SPK TURKISTAN» аумағындағы өндіріс алаңында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал «Тұран» арнайы экономикалық аймағында іске қосылатын екінші зауытқа 7,5 миллиард теңге инвестиция салынады. Нәтижесінде айына 10 мыңға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарып, мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Turan Su» мекемесінің қызметімен танысты. 2019 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі міндеті – мемлекет меншігіндегі ирригациялық жүйелер мен гидрологиялық құрылыс жайларын күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау, елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету. «Turan Su» басшылығы жұмысты тиімді ұйымдастырып, табысты еселеу арқылы қосымша инвестициялық жобаларды жүзеге асыра бастаған. Атап айтқанда, биыл кәсіпорын индустриялық парк аумағында жылына 9 мың гектарға тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты. Келешекте кәсіпорын суару жүйелеріне арналған параболалық науалар өндірісін жолға қоймақ. 

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, өңір экономикасының дамуына тың серпін беру үшін Түркістан облысында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 триллион теңге болатын 145 инвестициялық жобаны жүзеге асыру – басты мақсаттардың бірі. Нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады.

Президентке қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co.Ltd» компаниясымен өңірде мақтаның элиталық сұрыптарын өсіру және тоқыма кластерін құру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқаны баяндалды.

Бұдан бөлек, ірі жобалардың қатарында қуаты 926,5 МВт бу-газ қондырғысының, 800 МВт күн және жел электр станцияларының, Түркістан қаласындағы бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы, дрон және бейнебақылау камералары, газ қазандықтары, тұрмыстық техника, тау-кен және металлургия кешеніне арналған құрылғылар, алюминий бұйымдар өндірісі секілді маңызды бастамалар бар.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына бойлерлер, трансформаторлар мен электр техникасы жабдықтарын, ауыл шаруашылығы техникасын, құрылыс материалдары мен химиялық заттар өндіретін, жүгеріні терең өңдейтін, сусын, киім-кешек, аяқ киім, жиһаз түрлерін шығаратын кәсіпорындар таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралады.

«SPK TURKISTAN» өндірістік паркінде ұйымдастырылған көрмеге ет, сүт және балық өнімдері, сусын, балмұздақ, шоколад түрлері, сондай-ақ ірі ауыл шаруашылығы бірлестіктері өсірген жеміс-жидектер мен көкөністер қойылған.

Президентке өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға, су үнемдеу технологияларын енгізуге, жылыжайларды көбейтуге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ден қойылмақ. 2030 жылға қарай өңірде суармалы жерлердің 40 пайызына су үнемдеу технологиялары енгізіліп, аумағы 602 гектарды құрайтын жаңа жылыжай кешендері іске қосылады. Сонымен қатар алдағы үш жылда 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен әңгімелесіп, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мәселесі жөнінде пікір алмасты.

– Жұмыс өте сәтті жүзеге асырылып жатыр екен. Үкімет өңірге көмек көрсетеді. Түркістан облысының жағдайы жаман емес. Әкім жақсы жұмыс істеп жатыр. Қолынан іс келеді. Сондықтан облыстың келешегі зор деп ойлаймын. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы су үнемдеу технологиясын енгізудің маңызды екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы Ордабасы ауданының Бадам ауылында орналасқан «Бөрте Милка» ЖШС тауарлы сүт фермасын аралап көрді.

2016 жылы негізі қаланған бұл кәсіпорын Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде биыл 403 бас сиыр сатып алды. Нәтижесінде қосымша 15 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жобаға мемлекеттен жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген 2,4 миллиард теңге несие берілді. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Ферма «DeLaval» швед технологиялық кешенімен жабдықталған.

Ферма тәулігіне 25 тонна сүт өңдеп, 20-дан астам өнім түрін шығарады. Кәсіпорынның тауары негізінен Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарына, сондай-ақ Шымкент, Алматы қалаларына жеткізіледі.

Президент Ордабасы ауданында «JNRAY Group» серіктестігі биыл іске қосқан тігін фабрикасының жұмысымен танысты.

Аумағы 6 мың шаршы метр болатын жеңіл өнеркәсіп нысанын ашуға мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы аясында 1,4 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрикада киім-кешек, төсек жабдықтары және арнайы киім түрлері шығарылатыны жөнінде мәлімет берілді. Бүгінде кәсіпорында 300 адам жұмыс істейді. Келешекте өнім түрлерін көбейтіп, тігіншілер санын 500-ге дейін жеткізу жоспарланған. Қажетті шикізат көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен жеткізіледі.

Мемлекет басшысы тігін цехын аралап көріп, өнім үлгілерімен танысты.




ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ