Жексенбі, Қараша 24, 2024
11.3 C
Мырзакент
ҮйБасты жаңалықМақтааралда білім саласы қызметкерлерінің "Тамыз кеңесі" конференциясы өтті

Мақтааралда білім саласы қызметкерлерінің «Тамыз кеңесі» конференциясы өтті

Бүгін Мақтаарал ауданында білім саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбында аудандық тамыз кеңесі өтті.

Дәстүрлі іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бейсенбай Төребеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Қадір Сәрсекбаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайрат Арап және аудандағы білім беру мекемелерінің басшылары, ұстаздар қауымы және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынға келген көпшілік ең алдымен аудандық мәдениет үйінің фойесіндегі білім беру ұйымдарының жетістіктері мен атқарған жұмыстары туралы көрме жұмыстарын тамашалады.

Мұнан соң тағылымды шараның ашылуында мемлекеттік Гимн орындалып, жұмыс регламенті бекітілді. Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қ.Арап баяндама жасап, 2023-2024 оқу жылында ауданның білім саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы кеңінен мәлімет берді.

Одан әрі аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков мен аудандық мәслихат төрағасы Қ.Сәрсекбаев сөз алып, ұлағатты ұстаздар қауымын аудандық тамыз педагогикалық кеңесінің ашылумен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

«Білім – игілік пен бірлік, байлық пен дәулеттің, жарқын болашағымыздың негізгі қайнар көзі. Бәсекеге қабылетті дамыған ел болу үшін, біз жоғарғы білімді ұлт болуымыз керек. Бүгінгі «Тамыз» кеңесінің де мақсаты сол – жоғары интелигентті ұлт тәрбиелеу үшін ұстаздарымыздың өзара кеңесуі деп білемін. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында білім мен ғылымды елдің аса маңызды басымдықтары ретінде көрсетеді. Президентіміздің бастамасымен «Жайлы мектеп» жобасы, Білім беру гранттары, «Ұлттық қор» бағдарламасы ұлт әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқаратыны сөзсіз» – деді, Бейсенбай Тасболатұлы.

Шара барысында ауданның білім саласындағы жемісті еңбектері үшін бір топ ұстаздар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды.

Марапаттау рәсімінен соң ауданның білім саласындағы өткен жылғы атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, алдағы жаңа оқу жылына қойған міндеттер сараланды.

Мақтаарал ауданының ата-аналар комитетінің төрағасы М.Оспанов, В.Комаров атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры Ғ.Торыбаев, С.Рахымов атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Тажбанова, Жамбыл атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Бакирова жарыссөзге шығып, заманауи білім беру тақырыбы бойынша өздерінің көп жылдық тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Тағылымды шарада Жаңа жол жалпы білім беретін мектебінің оқушылары ұстаздарына арнау өлеңдерін оқып, шара соңы аудан өнерпаздарының әуезді әнімен қорытындыланды.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданы қайта құрылғалы 6 жыл ішінде 20-дан астам жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріліпті. Қазіргі таңда 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр, тағы 3 мектептің құрылысы басталады. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Атакент кентінде 1500 орындық және А.Қалыбеков ауылдық округінде 600 орындық мектептердің құрылысы жүріп жатыр. Аталған жоба аясында жыл соңына дейін Атакентте және Жамбыл ауылдық округінде тағы 900 орындық 2 мектептің құрылысы басталады деп күтілуде.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ