Басың ауырып, балтырың сыздаса, кімнің алдына барасың?
Мақтаарал ауданындағы «Атакент» тіс емханасының ұжымында тәжірибелі, жоғары категориялы білікті дәрігерлер көп. Олар сырқаттанып келген әрбір жанның жүздеріне шуақ сыйлап, алғысқа бөленіп келеді. Солардың ішінде «Ең үздік стоматолог-дәрігер» номинациясының иегері, қолы жеңіл, емі шипалы Шермухамед Досымбетовке тұрғындардың айтар алғысы шексіз. Ол 2011 жылы С.Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина университетін «дәрігер-стоматолог» мамандығы бойынша бітірген соң еңбек жолын Шымкент қаласындағы «Диастом» жеке клиникасында бастайды. Небір мықты стоматологтар шоғырланған бұл емдеу орны – Ресей мен Қазақстанға белгілі, медицинаның озық жетістіктерін терең меңгерген клиника. Осында жоғары категориялы дәрігер, 40 жыл еңбек өтілі бар Есбол Ерназаровтан тісті емдеудің қыр-сырын үйренді. Ақыл-кеңесін тыңдады. Шермухамед шымкенттік ару Фаризаны жар етіп, үйленген соң Атакенттегі қара шаңыраққа оралды. 2014 жылдың қыркүйегінен бері осы «Атакент» тіс емханасында еңбек етіп келеді. Үш жылдай осы кенттегі мемлекеттік емханада да қосымша дәрігер-стоматолог болып жұмыс істеді.
Бір айта кетерлігі, 20 жылдық еңбек өтілі бар Әлжан Байботаев басқаратын клиникада темірдей тәртіп, жоғары талап пен жауапкершілік орныққан. Мұнда кілең жоғары білімді стоматологтар жұмыс істейді. Клиника соңғы үлгідегі заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Әрбір стоматолог күн сайын он шақты пациентке дәрігерлік қызмет көрсетеді.
Шермухамедтің өзі тістің кез-келген күрделі ауруын емдеудің маманы. Ол алдағы кезде «Тотальный винир» аппаратының көмегімен тіс емдеудің жаңа заманауи тәсілдерін игерсем дейді.
Ш.Досымбетов әріптестері, жоғары білімді стоматологтар – Мұхит Қалибеков, Игор Ким, Анатолий Климовпен қоян-қолтық бірге жұмыс істеп, өзара тәжірибе алмасып халыққа сапалы қызмет етуде.
Шермухамед 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Ең үздік стамотолог-дәрігер» номинациясын иеленді. Бұдан соң «Шымкент, Тараз, Қызылорда бойынша үздік стоматолог-дәрігер» атанды. Бұл жас маман үшін үлкен жетістік, зор абырой. Шермухамедтің әкесі – Нұралы ардагер ұстаз, анасы Нағима ұзақ жылдардан бері емханада мейірбике болып жұмыс істейді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, біз осындай іскер, білімді де білікті, мейірімді тіс дәрігері Шермухамедке елдің алғысы мен ақ батасын ала бер, өркенің өсе берсін дейміз.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.