Жұма, Қыркүйек 20, 2024
17.9 C
Мырзакент
ҮйMAKTAARAL TVМақтаарал ауданында кіші футболдан ашық біріншілік өтті

Мақтаарал ауданында кіші футболдан ашық біріншілік өтті

Спорт – бұл денсаулық, күш-жігер, шыдамдылық және сергектік. Халық даналығында «Тәні саудың – жаны сау» деп тегін айтылмаса керек. Салауатты өмір салтын, дене шынықтыру мен спортты дамыту – мемлекетіміздің маңызды міндеттерінің бірі.

Елімізде тамыз айының үшінші жексенбісі – спорт күні мерекесі. Осыған байланысты бүгін Мақтаарал ауданында кіші футболдан ашық біріншілік өтті.

«Салауатты өмір спорттан басталады» атты ұранмен өткен жарыстың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандарбек Тәтеевтер қатысып, барша ауданның спортшыларын, спортқа қызмет етіп жүрген барлық қызметкерлер мен жанкүйерлерді құттықтады.

«Құрметті спортшылар, спорт саласының қызметкерлері, ардагерлері және спорт жанашырлары! Бүгінде біздің спортшылар ауданымыздың айбынын лайықты түрде қорғауда. Өздерінің белсенділігімен және жоғары нәтижелерімен республикамыздың беделін әлемдік аренада жоғары көтеруге ықпал етуде. Біздің аудан өзінің спорттық тарихымен және оның тамаша дәстүрлерімен мақтана алады. Өңірімізде салмақты нәтижелер мен жеңістерге жеткен түрлі спорттық жарыстардың атақты чемпиондары мен жүлдегерлерінің тұтас тобы тәрбиеленген. Ауданымыздың спорт саласында жұмыс жасап, спорт саласының дамуына өз үлестерін қосып жүрген барша жандарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын!» – деді, Алтын Күнтуқызы.

Жарыста аудан әкімінің аппараты, аудандық кірістер басқармасы, аудандық шекара бөлімі, аудандық полиция бөлімі, аудандық жастар орталығы және аудандық білім бөлімінің қызметкерлерінен құралған жалпы 6 команда өзара бақ сынасты. Біріншіліктің қорытындысы бойынша І орынды аудан әкімінің аппараты,  ІІ орынды аудандық жастар орталығы, ІІІ орынды аудандық шекара бөлімі иеленіп, жеңімпаздар арнайы кубокпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен ауданымызда дене тәрбиесімен және спортпен шұғылдану жаппай өрістеп, тұрғындарға барынша қолжетімді болуы үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Мәселен, 2021 жылы Мырзакент кентіндегі Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионға қайта құру жұмыстары жүргізілсе, 2023 жылы аудан орталығында Спорт сарайы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, ауылдық округтерден соңғы бес жылда 20-дан астам футбол алаңшалары пайдалануға ел игілігіне берілген. Биыл Атакент кентінде тағы бір спорт кешенінің құрылысы аяқталып, тағы 4 кіші футбол алаңшаларын пайдалануға беру жоспарланған.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ