Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда ардагерлерге Жолдау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағыты түсіндірілді

Мақтааралда ардагерлерге Жолдау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағыты түсіндірілді

89

Бүгін Мақтаарал ауданында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Тұрсынхановтың төрағалығымен және ауданның ардагерлер қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен мазмұнды кездесу өтті.

Жиынның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының ел дамуына қатысты стратегиялық бастамаларын кеңінен түсіндіру, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытындағы жұмыстарды жандандыру.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі басымдықтары кеңінен таныстырылды. Атап айтқанда, елдің саяси-экономикалық дамуы, қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын орнықтыру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, ұлттық бірлікті нығайту және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді арттыру мәселелеріне назар аударылды.

Жиынға қатысушыларға «Ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтар» бағдарламасының мазмұны таныстырылып, оның жеті негізгі бағыты мен алға қойған міндеттері түсіндірілді. Бағдарлама аясында ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, ана тілі мен мәдени мұраны дәріптеу, отбасы институтын нығайту, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету секілді маңызды құндылықтарды қоғамда кеңінен насихаттаудың маңыздылығы атап өтілді. Әсіресе, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты сақтау, жас буынға ел тарихын, ұлттық дүниетаным мен тағылымды тәрбиені жеткізу ісінде ардагерлердің орны ерекше екені айтылды. Өйткені, өмірлік тәжірибесі мол аға буын өкілдері – қоғамның рухани тірегі, жастарға бағыт-бағдар беретін өнегелі тұлғалар.

Бұдан бөлек, ардагерлер назарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабы ұсынылды. Кітаптың мазмұны мен көтерілген мәселелеріне тоқталып, ондағы әділеттілік, жауапкершілік, адалдық, елдік мүдде және қоғамдық санаға қатысты ой-тұжырымдардың маңызы түсіндірілді.

Жиын барысында ардагерлер қауымының қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру, олардың мол тәжірибесін өскелең ұрпақ тәрбиесіне пайдалану, аудан көлемінде ұлттық құндылықтарды насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу мәселелері де назардан тыс қалмады.

Кездесу соңында қатысушылар елдің болашағы үшін жас ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық бірліктің маңыздылығын атап өтіп, қоғамдағы татулықты сақтау, рухани құндылықтарды дәріптеу және мемлекет дамуына ортақ үлес қосу бағытындағы жұмыстардың маңызын жеткізді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.
↑