25 қазан – Республика күніне орай Мақтаарал ауданында «Қазақстан – туған жерім, тұғырым!» атты салтанатты мерекелік концерттік бағдарлама өтті.
Тағылымды шараның мақсаты – елдік пен бірлікті дәріптеу, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және тұрғындардың бойында отансүйгіштік рухты нығайту.
Мерекелік кеш Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөзді Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Насырханұлы Асанов сөйлеп, аудан жұртшылығын егемендігіміздің негізін бекемдеген қастерлі мерекемен құттықтады.
Ол ел дамуы жолында бірлік пен ынтымақтың, туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, түрлі салаларды белсенді еңбек етіп жүрген азаматтарды мерекеге орай алғыс хатымен марапаттады.
Концерттік бағдарлама барысында Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық рухты және халықтар достығын дәріптейтін патриоттық әндер шырқалды. Атап айтқанда, Б. Мықтыбек «Қазақстан» әнін, Ж. Тағаев «Қазақтың бәрі туысқан» әнін орындады. «Жассақ» тобы «Алаш ұраны» шығармасын ұсынса, Е. Абдуловтың орындауындағы «Атамекен» әні көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Әсерлі әндер мен мазмұнды шығармалар арқылы халқымыздың тарихы, ата-бабаларымыз аңсаған азаттық пен тәуелсіздіктің қадірі кеңінен дәріптелді. Сонымен қатар, ел болашағы саналатын білімді, отаншыл жастардың рөліне, қоғамдағы татулық пен түрлі этнос өкілдері арасындағы ынтымақтың маңызына баса назар аударылды.
Айта кетейік, Республика күні – мемлекеттілігімізді нығайтып, тәуелсіздігімізді бағалауға және ортақ мақсат жолында бірігуге үндейтін маңызды мереке. Осындай мәдени іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, туған жерге деген құрметті арттыруға ықпал етеді.


















