Skip to content
Басты бет / СЭС / Ауыз су сапасы және оның адам денсаулығына әсері: Таза су — ұзақ әрі салауатты өмірдің негізі

Ауыз су сапасы және оның адам денсаулығына әсері: Таза су — ұзақ әрі салауатты өмірдің негізі

23

Су — адам ағзасының тіршілік етуіне, барлық физиологиялық және биохимиялық процестердің үздіксіз жүруіне қажетті ең басты элемент. Адам денесінің орташа есеппен 60–70%-ы судан тұрады. Сондықтан біз күнделікті тұтынатын ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігі халық денсаулығының жағдайын, аурушаңдық деңгейін және өмір сүру ұзақтығын айқындайтын басты санитариялық-эпидемиологиялық фактор болып табылады.

Сапасыз, микробиологиялық немесе химиялық тұрғыдан ластанған суды пайдалану адам ағзасына бірден де, созылмалы түрде де кері әсерін тигізеді.

Сапасыз судың адам денсаулығына төндіретін қауіптері

Ауыз судың ластану сипатына байланысты оның денсаулыққа тигізетін зиянын екі негізгі топқа бөліп қарастыруға болады:

  1. Микробиологиялық қауіптер (Жұқпалы аурулар): Су арқылы таралатын бактериялар, вирустар мен паразиттік қоздырғыштар ағзаға түскенде инфекциялық аурулардың эпидемиялық от алуына себеп болуы мүмкін.
    • Вирустық А гепатиті (сары ауру): Ластанған су арқылы бауырды зақымдайтын вирус жүйелі түрде тарайды.
    • Асқазан-ішек инфекциялары: Дизентерия, брюшной тиф, холера, ротавирустық және энтеровирустық инфекциялар іштің қатты ауруымен, құсумен және сусызданумен өтеді.
    • Паразиттік аурулар: Лас су арқылы ағзаға лямблиялар мен құрт (гельминт) жумыртқалары түсуі мүмкін.
  2. Химиялық қауіптер (Созылмалы аурулар): Су құрамындағы химиялық элементтер нормадан тыс көбейгенде немесе жетіспегенде ағзада ауыр патологиялар дамиды:
    • Кальций мен магний (судың кермектігі): Артық кермек суды ұзақ пайдалану бүйрек пен өтке тас байлануына (бүйрек-тас ауруы), буындарға тұз жиналуына әкеледі.
    • Нитраттар мен ауыр металдар (мышьяк, қорғасын, кадмий): Ағзада жиналып, созылмалы интоксикация тудырады, орталық жүйке жүйесін, бүйректі зақымдайды және онкологиялық аурулардың даму қаупін арттырады.
    • Фтордың ауытқуы: Суда фтор жетіспесе — кариес жиілейді, ал фтор нормадан шамадан тыс көп болса — сүйек пен тісті зақымдайтын флюороз ауруы пайда болады.

Ауыз суға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

Қолданыстағы санитариялық ережелер мен нормаларға сәйкес, ауыз су мынадай үш негізгі критерийге толық сай болуы тиіс:

  • Эпидемиологиялық қауіпсіздік: Суда патогенді микроорганизмдер, вирустар мен паразиттер мүлдем болмауы керек.
  • Токсикологиялық қауіпсіздік: Химиялық заттардың, ауыр металдар мен пестицидтердің шоғырлануы шекті рұқсат етілген концентрациядан (ШРК) аспауы шарт.
  • Органолептикалық қасиеттер: Су иіссіз, түссіз, мөлдір, бөгде дәмсіз болуы және тұтынушыда жағымсыз сезім тудырмауы тиіс.

Орталықтандырылған су құбыры жүйелерінен берілетін су тарату тораптарына шығар алдында арнайы сүзгілеуден, хлорлаудан немесе озондаудан өтеді және СЭС зертханалары тарапынан тұрақты бақылауда болады.

Тұрмыста су сапасын жақсарту және сақтану шаралары

Орталықтандырылмаған су көздерін (құдықтар, уақытша ұңғымалар) пайдаланғанда немесе су құбырының ескіруіне байланысты қауіптің алдын алу үшін мынадай қарапайым ережелерді ұстанған жөн:

  1. Қайнату: Суды қайнату — патогенді микроорганизмдерді, вирустарды жоюдың ең қарапайым әрі сенімді жолы. Суды қайнату температурасына жеткізіп, 3–5 минут ұстаған абзал.
  2. Тұрмыстық сүзгілерді (фильтр) пайдалану: Судың кермектігін азайту және артық қоспаларды ұстап қалу үшін сапалы сүзгілерді қолдануға болады. Алайда сүзгі картридждерін өндірушінің нұсқаулығына сәйкес уақытылы ауыстырып отыру заңды, себебі ескірген сүзгінің өзі бактериялардың ошағына айналуы мүмкін.
  3. Ыдыстардың тазалығы: Ауыз су сақтайтын ыдыстар (құмыралар, диспенсерлер, бөлмедегі құтылар) үнемі жуылып, таза ұсталуы тиіс. Тоғандардан немесе ашық су көздерінен шикі су ішуге үзілді-кесілді тыйым салынады.
  4. Жеке құдықтарды дезинфекциялау: Ауылдық жерлердегі құдық суын жыл сайын санитариялық тазалаудан өтікізіп, судың құрамын зертханалық сараптамадан тексертіп тұрған дұрыс.

Сапалы әрі таза су ішу — бұл сіздің және отбасыңыздың денсаулығын қорғаудың, созылмалы аурулардың алдын алудың ең сенімді әрі табиғи жолы.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Искаков

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.
↑