Мақтаарал ауданының ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Мақтаарал» аграрлық колледжі мен №14 колледжінің студенттері арасында жастардың діни сауаттылығын арттыру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу және этносаралық татулықты нығайту мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесулер өтті.
Кездесулерге Мақтаарал ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Тұрсынханов, Түркістан облысы дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы М.Салиходжаев, аудандық Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы А.Жолдасовтар қатысты.
Кездесулер барысында жастарға деструктивті діни ағымдардың белгілері, олардың қоғамға тигізетін кері әсері және алдын алу жолдары туралы түсіндірілді. Теолог маман діни ақпараттарды сенімді әрі ресми дереккөздерден алудың маңыздылығына тоқталып, әлеуметтік желілерде таралатын күмәнді діни ақпараттарға сақтықпен қарау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, интернет кеңістігінде заңнама талаптарын сақтау, діни экстремизм мен терроризм идеологиясын насихаттайтын материалдарды таратпау, белгісіз діни уағызшылардың мазмұны күмәнді бейнероликтері мен аудио материалдарына ермеу жөнінде ақпарат берілді.
Кездесулердің маңызды бағыттарының бірі – этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау. Жастарға түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара сыйластық пен түсіністіктің маңызы түсіндіріліп, әлеуметтік желілердегі арандатушылық сипаттағы ақпараттарға ермеу, жалған мәліметтерді таратпау және қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға үлес қосу қажеттігі айтылды.
Іс-шаралар барысында мамандар жастарды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтеуге, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қоғам өміріне белсенді араласуға шақырды. Студенттер діни сауаттылық, әлеуметтік желідегі ақпараттық қауіпсіздік, деструктивті діни ағымдардың алдын алу және этносаралық татулық мәселелері бойынша сұрақтар қойып, мамандардан жауаптар алды.









