Skip to content
Басты бет / АЙМАҚ / Аудан басшысы жаңажолдықтардың мәселелерін тыңдады

Аудан басшысы жаңажолдықтардың мәселелерін тыңдады

92

ҚР Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын және жауапкершілігі мен есептілігін арттыру мақсатында және бекітілген жоспар бойынша Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Жаңажол ауылдық округінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді.

Жиын барысында 2026 жылдың 6 айында ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде арнайы бейнеролик көрсетіліп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан маңызды өзгерістер мен саяси реформалар туралы аудан басшысы кеңінен айтып өтті.

«Бүкілхалықтық референдум өткізіп, Жаңа Конституцияны қабылдағанымызды жақсы білесіздер. Жаңа Ата Заңның арқасында елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты мықтап орнығып жатыр. Сонымен қатар, Ата Заңның ауысуына байланысты жақында ғана Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтті. Енді Үкіметіміз жаңадан құрылып жатыр. Бұл өзгерістер жергілікті басқару органдарына да үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздің басты міндетіміз – елде жүргізіліп жатқан саясатты аудан тұрғындарының игілігіне тиімді пайдалану. Сонымен бірге заңдылықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жақсарту бағытында жұмыс істеу» — деді, Бақыт Насырханұлы.

Жалпы биыл Жаңажол ауылдық округі әкімі аппаратының ғимараты Ақжол ауылынан Фирдоуси ауылында салынған жаңа ғимаратқа көшті. Дәл осы ауылда әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларға арналған 100 тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталды. Қазіргі таңда 52 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Бұдан бөлек, Ақжол және Арайлы елді мекендерінің ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, округте 3 көшеге тас, 2 көшеге асфальт төселді.

Кездесуде аудан басшысы халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге де баса назар аударып, округтегі өзекті мәселелер және оның шешімі туралы айтып өтті.

Жиын соңында халыққа ашық микрофон ұсынылып, тұрғындар аудан әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Аудан басшысы мәселе көтерген және сұрақ қойған әрбір тұрғынға кезекпен жауап беріп, мәселесін жеке айтамын деген тұрғындарға жеке қабылдауын өткізді.

Қабылдауға құқық қорғау органдардың басшылары, тиісті сала басшылары және аудандық мәслихаттың депутаттары қатысып, мәселесін көтеріп келген әрбір тұрғынға қанағаттанарлық жауаптар берілді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.