Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда «Таза жағалау» экологиялық акциясы ұйымдастырылды

Мақтааралда «Таза жағалау» экологиялық акциясы ұйымдастырылды

90

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданында қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етуге және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды сенбілік өтті.

Ағымдағы жылдың 29 тамызында аудан аумағында «Таза Жағалау» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, оған ауыл тұрғындары, еріктілер, бюджеттік мекеме қызметкерлері және қоғам белсенділері қатысты.

Тазалық жұмыстарына аудан бойынша 1300-ге жуық адам жұмылдырылды. Сенбілікке қатысушылар өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, каналдар мен арық-атыздардың бойларын, автомобиль жолдарының жиектерін, елді мекендерге кіреберіс аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстарын атқарды.

Сенбілік барысында аудан аумағындағы 40 шақырымға жуық автомобиль жолының бойы ретке келтірілді. Тазалық жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мақсатында 11 дана арнайы техника жұмылдырылды. Арнайы техникалардың көмегімен жиналған қоқыстар тиісті орындарға шығарылып, жалпы көлемі 8,5 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық аудан аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондарға жеткізілді.

Акция барысында тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың белсенділігі ерекше байқалды. Сенбілікке қатысушылар ауданның тазалығы мен көркейтуіне өз үлестерін қосып, туған жерге деген жанашырлықтарын көрсетті.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында да аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасып, елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінетін болады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.