Skip to content
Басты бет / Әлеумет / «Мақтаарал» екінші рет облыстың чемпионы болды

«Мақтаарал» екінші рет облыстың чемпионы болды

93

Түркістан облысында әуесқой футбол командалары арасында өткен облыс чемпионаты өз мәресіне жетті. Екінші рет ұйымдастырылған дүбірлі додада Мақтаарал ауданының намысын қорғаған «Мақтаарал» командасы қарсыластарынан басым түсіп, чемпиондық атақты екінші мәрте иеленді.

Облыстық чемпионаттың шешуші кезеңіне Түркістан облысының 3 қаласы мен 14 ауданынан жасақталған құрама командалар қатысты. Тартысты бәсекеде үздік сегіздік қатарынан көрінген мақтааралдық футболшылар финалға дейін сүрінбей жетті.

Чемпиондық атақ сарапқа салынған ақтық кездесуде «Мақтаарал» командасы Түркістан қаласының құрамасымен кездесті. Облыс орталығындағы «Түркістан Арена» стадионында өткен тартысты ойында аудан командасы қарсыласын 3:1 есебімен жеңіп, Түркістан облысының әуесқой футбол командалары арасындағы чемпионы атанды.

Команданың маңызды ойынында футболшыларға жанкүйерлердің қолдауы да ерекше серпін берді. Мақтааралдықтардың сүйікті командасын қолдау үшін ауданнан Түркістан қаласына 450 шақырым жол жүріп, аудан әкімі Бақыт Асанов бастаған жүздеген жанкүйер арнайы барды.

Ауданның әр елді мекенінен жиналған жанкүйерлер матч бойы команданы ұранмен жігерлендіріп, көк ту мен ауданның рәміздерін желбіретіп, ойыншыларға рух берді. Стадион төріндегі жанкүйерлердің бірлігі мен қолдауы финалдың көркін қыздырып, мақтааралдық футболшыларға ерекше мотивация сыйлады.

Бұл көрініс Мақтааралда футболға деген қызығушылықтың жоғары екенін және аудан тұрғындарының спортшыларын әрдайым қолдауға дайын екенін тағы бір көрсетті.

Осылайша, «Мақтаарал» командасы облыс чемпионатында екінші рет чемпион атанып, ауыспалы кубок пен медальдарға ие болды. Сонымен қатар, аудан командасы Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысуға жолдама алды.

Айта кетейік, бұл жеңіс — тек команда жетістігі емес, бүкіл Мақтаарал ауданының ортақ қуанышы. Алыс жолға қарамай командаға қолдау көрсетуге барған жанкүйерлердің қолдауы мен футболшылардың алаңдағы жігері бір арнада тоғысып, тарихи жеңіске жол ашты.


Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.