Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін 10 тракторшы сайлау учаскесіне арнайы келіп, Құрылтай сайлауында өз таңдауларын жасады.
Күнделікті жұмысын егістік алқаптарында атқарып, жердің берекесін арттыруға үлес қосып жүрген механизаторлар үшін ауылдың тыныштығы мен елдің тұрақтылығы маңызды. Олар жұмысын уақытша тоқтатып, азаматтық міндетін орындауға уақыт тапты.
«Жер мен елдің берекесі де еңбекпен келеді. Егістікте жұмыс істеп жүрсек те, елдің ертеңіне қатысты маңызды мәселелерден тыс қалмаймыз. Бүгін он азамат бірге келіп, өз таңдауымызды жасадық. Ел аман, жеріміз тыныш болсын. Құрылтай халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, елдің игілігіне қызмет етсін деген тілегіміз бар», – деді тракторшылардың бірі.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 62 сайлау учаскесі бар. Оның 59-ы ашық, 3-еуі жабық, аудан бойынша 69 167 сайлаушы тіркелген.








