Бүгін Мақтаарал ауданында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы аясында дауыс беру учаскелерінде ерекше көңіл күй қалыптасты. Таңмен таласа сайлау учаскелеріне алғашқылардың бірі болып келген азаматтарға арнайы естелік сыйлықтар табысталды.
Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де өз жұмысын бастап, алғашқы сайлаушыларды қабылдады. Таңғы уақытта дауыс беруге асыққан тұрғындар өздерінің азаматтық таңдауын жасап, ел өміріндегі маңызды саяси науқанға белсенді түрде атсалысты.
Алғашқы болып дауыс берген азаматтарды учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері жылы қарсы алып, олардың азаматтық белсенділігіне ризашылықтарын білдірді. Дауыс беру рәсімінен кейін белсенді сайлаушыларға арнайы естелік сыйлықтар табысталды.
Бұл шағын ғана сыйлықтың астарында үлкен мән жатыр. Өйткені, сайлауға қатысу – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін білдіретін маңызды қадам. Ал сайлаушылардың таңмен ерте тұрып, өз таңдауын жасауға асығуы – олардың қоғамдық өмірге, еліміздің болашағына деген белсенді көзқарасын аңғартады.
Алғашқы дауыс берушілердің арасында әртүрлі жастағы азаматтар болды. Олардың барлығын біріктірген ортақ мақсат – өз таңдауын жасап, елдің болашағына қатысты азаматтық ұстанымын білдіру.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында барлығы 62 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп жатыр. Барлық учаскелерде сайлаушылардың өз таңдауын еркін әрі ашық жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайлар жасалған. Учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беру процесін заң талаптарына сәйкес ұйымдастыруда.










