Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету, суару жүйелерінің техникалық жағдайын бақылау және анықталған мәселелерді жедел шешу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Осы мақсатта аудан аумағындағы су өткізу қабілетінде мәселелер туындаған және ерекше бақылауды қажет ететін каналдардың жай-күйіне зерделеу жүргізілді.
Мониторинг жұмыстарына аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл, сондай-ақ «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Мақтарал өндірістік бөлімшесінің басшысы Тоқберген Мейрбек қатысты.
Жауапты сала мамандарымен бірге К-20, К-18, К-19, К-16Б және К-15 (Целинный насос) каналдары зерделеніп, олардың қазіргі техникалық жай-күйі жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, каналдардың су өткізу мүмкіндігі, арналардың жағдайы, су ағысына әсер ететін факторлар және суармалы алқаптарға судың уақтылы әрі қажетті көлемде жеткізілуіне ықпал ететін мәселелер зерделенді.
Мониторинг барысында каналдардың қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіруі мүмкін бірқатар мәселелер назарға алынды. Әсіресе, суару кезеңінде су тапшылығына жол бермеу, су өткізу жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және шаруалардың қажеттілігіне сәйкес су жеткізудің тұрақтылығын сақтау мәселелеріне басымдық берілді.
Анықталған кемшіліктер мен проблемалық учаскелер бойынша жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, әрбір канал бойынша нақты жұмыстарды ұйымдастыру, ақауларды жою және су өткізу қабілетін қалыпқа келтірудің тиімді жолдары талқыланды.
Жұмыс барысында суару жүйелерін күтіп ұстау, каналдардың техникалық жағдайын тұрақты бақылау және туындаған мәселелерді жедел шешудің маңыздылығы да атап өтілді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін суармалы сумен тұрақты қамтамасыз етіп, егістік алқаптарының суару кезеңін іркіліссіз өткізуге жағдай жасау.
«Мақтаарал ауданы – суармалы егіншілік кеңінен дамыған өңірлердің бірі. Сондықтан, каналдар мен гидротехникалық нысандардың үздіксіз жұмыс істеуі ауданның ауыл шаруашылығы саласы үшін аса маңызды. Осыған байланысты суару инфрақұрылымының жағдайын бақылау жұмыстары маусым барысында тұрақты түрде жүргізіліп отыруы керек» — деді, аудан әкімінің орынбасары Н.Саттаров.
Айта кетейік, қазіргі таңда жауапты мекемелер тарапынан проблемалық учаскелер бойынша тиісті жұмыстар қолға алынып, олардың орындалу барысы бақылауда тұр.



























